Жыл басынан бері 200-ден астам адам өрт кезінде қайтыс болған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жыл басынан бері 200-ден астам адам өрт кезінде қайтыс болған

16.10.2024

Жыл басынан бері республика бойынша 200-ден астам адам өрт кезінде қаза тауып, 250-ге жуығы түрлі жарақат алған. Статистикаға сүйенсек, Қазақстанда күніне орта есеппен 30 өрт оқиғасы тіркеледі. Басым бөлігі жеке тұрғын үй секторында. Жылыту маусымы басталды, өрттен қалай сақтанбақ керек? Әріптесім Эльмира Кәленова тарқатады.

Жылыту маусымы басталғалы өрт сөндірушілер қауіпсіздік шараларын күшейтті. Петропавл қаласында жеке секторда орналасқан баспаналардың біріне бардық. Екі бала ата-анасының қайда кеткенін түсіндіре алмады. Пештің жанында тұрған газ баллоны үй иелерінің қауіпсіздік шараларына мән бермейтінін аңғартты.

Думан Ділдәбаев, Петропавл қалалық ТЖБ бастығының орынбасары:

Статистикаға сүйенсек, осы өрттің басым бөлігі осындай тұрғын үй секторында пайда болады. Басты себептері электр құрылғылары және де пешті орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзу болады.

Кішкентай ғана құрылғы талай адамның өмірін құтқарып жүр. Түтін шықса, бірден дабыл қағып, үй иелеріне белгі береді. Мұндай құрылғылар бірінші кезекте зейнеткерлер, көпбалалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың үйлеріне орнатылады.

Салтанат Алешкина, Көкшетау қаласының тұрғыны:

Қаншама жаман жағдайлар болып жатыр. Содан кейін адам қауіптеніп, сескеніп, қорқады екен. Датчик қойған кезде ол ұйықтап жатқанда түтін бірдене болып қалған жағдайда сигнал береді екен. Сол жері жақсы екен. Кішкене қауіптен аулақ боласың.

Көкшетаулық төтенше жағдай қызметінің мамандары биыл екі мыңға жуық үйде өртке қарсы құрылғы орнатқан. Алдағы уақытта тағы 9 мың баспана қамтылмақ. Сондай-ақ, мамандар қазір тұрғындарға мұржаларды тазалауға да көмек көрсетіп жатыр.

Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында 300-ден астам өрт тіркеліп, 26 адам қайтыс болған. Ақмола облысындағы статистика да жаға ұстады. Төтенше жағдай қызметі 500-ден астам шақырту қабылдаған. Тілсіз жау 20 адамның өмірін жалмапты. Жалпы республика бойынша 9 айда 8 мыңға жуық өрт оқиғасы тіркелді. Келтірген материалдық шығын көлемі 4 млрд 280 млн теңгеге бағаланды.


Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу