Хостелдегі өрт: Сот отырысы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Хостелдегі өрт: Сот отырысы өтіп жатыр

16.10.2024

Алматыда бір жыл бұрын болған хостелдегі өртке қатысты сот отырысы өтіп жатыр. Бүгін прокурор айыптау актісін оқыды. Сотта хостелдің иесі Әділбек Мұхамедияров пен өрттен қорғау жүйесін орнату жөніндегі маман Александр Пекельникке айып тағылып отыр. Олар былтыр желтоқсан айында қамауға алынған болатын. Отырысқа қаза тапқандардың жақындары қатысты. Қуан Нұрақын жалғастырады.

Қуан Нұрақын, тілші:

Бір жылға жуық уақыт бұрын болған мына хостел қазір тым-тырыс. Есігіне қара құлпы салынып, терезелері ағашпен жабылған. 13 адам қаза тапқан қайғылы оқиғаға қатысты қазір сот отырысы жүріп жатыр.

Хостел иесі Әділбек Мұхамедияров пен өрттен қорғау жүйесін орнату жөніндегі маман Александр Пекельникке Қылмыстық кодекстің 292-бабы, яғни өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу бойынша айып тағылған. Айыптау қорытындысында Мұхамедияров пен Пекельниктің салғырттығынан жертөледе жанғыш заттардан, соның ішінде көмірқышқыл газынан 13 адамның ыс тиіп қаза тапқаны айтылған. Мемлекеттік айыптаушының айтуынша, дәлізде тұрған матрацтар паналаушылардың бөлмелерден шығуын қиындатқан. Ал эвакуациялық шыға беріс жиһазбен жабылып, сыртқа шығуға кедергі келтірген. Жертөледе терезелер мен желдету жүйесі болмаған. Жанғыш материалдар 15 және 16 нөмірлі бөлмелердің жанына жиналған. Бұл өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмейді, - деді прокурор.

Қуан Нұрақын, тілші:

Сотқа жәбірленушілер мен олардың өкілдері онлайн режимде қатысты. Еске сала кетейік, былтыр 30 қарашада жертөледегі хостелден өрт шығып 13 адам қаза тапқан еді.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу