Енді азаматтар несиені 5 минутта онлайн рәсімдей алмауы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Енді азаматтар несиені 5 минутта онлайн рәсімдей алмауы мүмкін

16.10.2024

Енді азаматтар несиені 5 минутта онлайн рәсімдей алмауы мүмкін. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова бүгін Мәжілісте банктермен бірге бұл мәселе қарастырылып жатқанын айтты. Өйткені бүгінде несие портфелінің 25 пайызы тауар мен қызметтерді бөліп төлеу. Бұл туралы заң жобасы мәжілісте таныстырылды. Жаңа құжатта тағы қандай өзгерістер қамтылған? 

Елімізде үш халықаралық банк өз филиалын ашып жатқаны белгілі болды. Олардың қатарында Оңтүстік Корея, Қатар және Біріккен араб әмірліктернің қаржы ұйымдары бар. Бүгін мәжіліс шетелдік банк филиалын ашу талабын жеңілдететін заң жобасын мақұлдады.


Мәдина Әбілқасымова, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы:

Біз ең біріншіден осы банктердің активтерін тексердік, шамамен 10-20 млрд АҚШ долларының шамасында болып табылады. Оларды тарту үшін біз осы заң жобасында бірқатар құжаттарды жеңілдетіп жатырмыз. Осындай ұсыныс жасап жатырмыз.

Бұдан бөлек, тұтынушылардың уақтылы кері байланыс алуы үшін қаржы ұйымдары клиенттердің өтініштерін 15 жұмыс күні ішінде қарауы мінедеттелмек. Сондай-ақ, елімізден енді елімізде шағын несие үшін айыпақы өндіруге тыйым салынады.

Ерлан Стамбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Несие бойынша ай сайынғы төлемді 50 пайызға және одан да көп мөлшерге төмендету ұсынылып отыр. Банк несиелерін мерзімінен бұрын өтеу үшін айыпақы өндіріп алу алынып тасталды. Шағын несиелер бойынша оны қайтармағаны үшін айыпақыларды қоспағанда, кез келген айыпақыны есептеуге тыйым салынады. Ал қарыз алушыларға жүктемені азайту үшін банктік несие немесе шағын несие шарттары бойынша сақтандыру агентінің комиссиялық сыйақысының ең жоғары мөлшері 10 пайызға дейін белгіленеді.

Ал депутат Ержан Бейсенбаев кредит беру кезінде психиатриялық және наркологиялық есепте тұрған адамдардың тексеру іс жүзінде қалай жүзеге асырылатыны қызықтырды. Мәдина Әбілқасымова қазіргі уақытта барлық ақпарат кредиттік бюрода жиналады, олар арнайы тізім жасайды деді. Тағы бір мәселе несие бойынша төлем мерзімін кейінге қалдыруға мүмкіндік бар. Қарыз алушының несиені қайтаруға жағдай жоқ болса, жаңа кесте бойынша да төлей алмаса, онда толық не ішінара жабылуы керек. Банктер мен микроқаржы ұйымдары бізге жаңа жоспарларын енгізіп жатыр деді. Айта кетейік жыл басынан бері мерзімі өткен қарызы бар 44 мың адамның несиесі кешірілді.


Азамат Бейбітұлы


Хабарламаларға жазылу