Футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің басы тағы дауға қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Футболдан Қазақстан құрамасы бас бапкерінің басы тағы дауға қалды

16.10.2024

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станислав Черчесовтың басы тағы да дауға қалды. Ол қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске келемеждеп жауап берген. «Французша сұрап тұрсың ба», - деп орынсыз қалжыңдаған.

Осы жайттан кейін Туризм және спорт министрлігі Қазақстан футбол федерациясынан түсініктеме беруді талап етті. Ал еліміздің футбол федерациясы Станислав Черчесовтың қазақ тілі мен еліміздің мәдениетіне үлкен құрметпен қарайтынын айтып ақталды.

Еске салайық, бас бапкердің қазақ тілін кемсітуге қатысты бұл бірінші жағдай емес. Бірер ай бұрын Черчесов баспасөз мәслихатында қазақ тілінде сұрақ қойған журналиске шүйліккен еді. Желіде бұл жағдай көпшіліктің наразылығын тудырғаннан кейін Черчесов қазақ тілін оқып жатырмын деп құтылды. Туризм және спорт министрлігі еліміздегі өзге де федерацияларды қазақ тіліне, мемлекеттік рәміздерге, ұлттық құндылықтарға құрметпен қарауға шақырады. Орынсыз қалжыңға жол жоқ екенін қатаң ескертеді.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу