Шығыс Қазақстан облысында 155 ауыл интернетсіз отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстан облысында 155 ауыл интернетсіз отыр

15.10.2024

Шығыс Қазақстан облысында 155 ауыл интернеттің игілігін әлі көре алмай отыр. Бұлардың көбі облыс орталығынан алыс елдімекендер. Алайда Өскеменнің өзінде жаңадан бой көтерген 25-шағын ауданның тұрғындары да байланыс аясынан тыс жерде. Бұл әсіресе оқушылар мен ұстаздарға қиын. Ал облыстағы осы салаға жауапты басқарма өкілдері жыл сайын жоба-жоспар жасағанымен, әзірге халық оның нәтижесін көре алар емес.

Өскемендегі 25-шағын аудан соңғы бірнеше жылда бой көтерді. Бірақ тұрғындар дұрыс инфрақұрылым мен сапалы интернетке әлі қосылған жоқ. Тоғызыншы сынып оқитын Инабат Хабиева кейбір қосымша тапсырмаларды орындауда байланыстың жоқтығынан қиналады. Үйдің маңынан желіге ілінер жер іздеп жүр.

Инабат Хабиева, 9-сынып оқушысы:

Ол бізде жоқ, бізде ол далаға шықсаң да, тауға шықсаң да ұстамайды. Бірақ кейбір жерде ұстап қалады. Бірақ телефонмен сөйлескен кезде дұрыстап ести алмайсың.

Қаланың бір бөлігі саналса да, бұл ауданның тұрғындары байланыс аясынан тыс қалған. Жедел жәрдем шақырған кезде жол бойын жағалаумен жүреді. Әсіресе қыста қиын. Боранда жол болмай қалады. Жел соқса жарық та жоқ.

Қаби Қасенов, Өскемен қаласының тұрғыны:

Бағанының бәрін орнатып қойды. Құбырдың бәрін жердің астына салып қойды. Төртінші жыл биыл. Содан бері түк өзгерген жоқ.

Қаладан алыс даладағы елдімекендерде кейде апталап, айлап байланыссыз қалады.

Төсқайың орта мектебіндегі ұстаздары сапалы интернетті күтумен жүргендеріне талай жыл болды. Өйткені қыста бұл өңірде ауа райының қолайсыздығынан сабақты оқушылар жиі онлайн оқиды.

Жанар Аққұбаева, бастауыш сынып мұғалімі:

Балаларға біз үй тапсырмасын Уатсаппен жібереміз. Бірақ ол интернет жаман істеп тұрғаннан кейін кейде жетпей қалады. Сол үшін балаларға телефон соғып айтып береміз. Кейбір балаларда телефон да жоқ.

Облыстық цифрландыру басқармасындағылар жалпы ұялы байланыс пен интернет мәселесін өңірде қызмет көрсететеін операторлармен бірге талай талқылаған. Бар машақат - талшықты кабель тартатын бағандардың жоқтығында болып шықты.

Гүлназ Ахметова, Облыстық цифрландыру және мұрағаттар басқармасы басшысының орынбасары:

Оптикалық талшықты сым электр бағандары арқылы тартылу керек. Ұялы байланыс операторлары іске кірісуі үшін алдымен осындай жағдай жасалу қажет. Облыстық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарамасындағылар бұл мәселеден хабардар. Қазір біздің мамандармен бірлесіп шешу жолын қарастырып жатыр.

Қала шетіндегі шағын аудандарда самсап тұрған электр бағандарына интернет кабельдерін қосып тартуға мүмкіндік жоқ. Себебі - сан алуан. Ал алыстағы «155 ауыл интернетке спутник арқылы 2027 жылға дейін қосылуы мүмкін», - дейді сала мамандары.


Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу