Үкімет отырысында бірнеше өңірде инвестиция тарту төмендеп кеткені айтылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үкімет отырысында бірнеше өңірде инвестиция тарту төмендеп кеткені айтылды

15.10.2024

Әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тежеу керек. Бүгін Үкімет отырысында Олжас Бектенов жауаптыларға осындай тапсырма берді. Жиында биылғы 9 айдағы еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы мен республикалық бюджеттің атқарылу барысы да, қаралды. Биыл экономиканың өсуі мұнайдан тыс секторлардың есебінен қамтамасыз етіліп отыр. 

Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тежеуді тапсырды

Қазақстанда заңды тұлғалар мен олардың жұбайлары табыстарын көрсететін декларациялаудың үшінші кезеңі аяқталып жатыр. Онда декларацияны заңды тұлғалардың құрылтайшылары мен кәсіпкерлер тапсырды.

Мәди Такиев, ҚҚ Қаржы министрі: 
15 қыркүйекте 2,6 млн декларация ұсынылды, әлі 200 мың декларация тапсырылмады. Біз бұл азаматтарға хабарлама жібердік. Олар 30 жұмыс күнінде декларацияны тапсыруы шарт.
Төртінші кезеңде яғни 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап елімізде қалған барлық жеке тұлға декларация тапсыруға міндетті. Үкімет отырысында 9 айда атқарылған жұмыс барысы баяндалды. Осы уақыт ішінде бюджетке 14,9 трлн теңге кіріс кірген. Бірақ, инвестиция тарту бойынша сылбырлық бар. Әсіресе, Атырау, Ақмола, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында көрсеткіш төмендеп кеткен.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:
Өндірістерді Қазақстанға көшіру үшін шетелдік кәсіпорындарды іздеп тауып, осында орналасқан өндірістерде локализацияны арттыруға жәрдемдесу керек. Жылдың соңына дейін негізгі капиталға салынатын инвестициялар бойынша нысаналы индикатордың орындалуын қамтамасыз ету қажет. Бәріңізге осындай міндет қойып отырмын.
Ал, осы жылдың 9 айында жалпы ішкі өнім өсімі 4 пайызға жетті. Биыл қыркүйек айында инфляция 8,3 пайызға дейін баяулады. Сондықтан, Премьер-Министр әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын тежеуді тапсырды.


Азамат Нұғыманов

Хабарламаларға жазылу