Ақтөбелік жүргізушілер екі ай ішінде 58 мың рет ереже бұзған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбелік жүргізушілер екі ай ішінде 58 мың рет ереже бұзған

15.10.2024

Ақтөбелік көлік иелері соңғы екі ай ішінде 58 мың рет жол жүру ережесін бұзған. Соңғы үлгідегі бейнебақылау камералары орнатылғалы мұндай жүгенсіз жүргізушілер жаппай айыппұл арқалап жатыр. Әсіресе, шетелдік нөмірмен жүргендерге тоқтау болмай тұр. Олардың жазадан құтылып кетуі мүмкін бе? Жақсыбек Кемал айтып береді.

Облыста жылдамдықты өлшеуге арналған камералар тамыз айының ортасында іске қосылған еді. Автоматты түрде жұмыс істейтін бұл құрылғылар 66 жерге орнатылды. Көлік жүргізушілерінің көбі бұл жаңашылдыққа қарсы емес.

Болатбек Қуанышев, жүргізуші:

Қатты айдайтындар бар қазір. Көбінесе жастар қатты айдайды. Түнде, әсіресе. Соған байланысты камера қойған дұрыс.

Жол сақшыларының да айтуынша, әсіресе, шетелдік нөмір таққан жүргізушілер ережені жиі бұзады. Мәселен, мына «Лексустің» жүргізушісі 4-5 аптаның ішінде бақылау камерасына 119 мәрте түскен. Енді 35 жастағы әйел миллиондап айыппұл төлеуі тиіс. Оның көлігі қазір айып тұрағында тұр.

Мейірхан Есенжолов, қалалық полиция басқармасы бастығының бірінші орынбасары:

Жылдамдықты арттырған. Сол себептен үш жарым миллионннан астам айыппұл салынды.

Жақсыбек Кемал, тілші:

Бұл Ақтөбе қаласындағы айып тұрағы. Көріп тұрсыздар, көлікке лық толған. Тек соңғы екі айда өңірде шетелдік нөмірмен жүрген төрт мың жүргізуші ереже бұзған.

Армения мен Грузия асып, көлік мініп келгендердің көбі қазақстандық тіркеуі, сақтандыру полисі болмағандықтан айыппұл арқаламаймын, деп ойлайды екен. Алайда, заң баршаға ортақ. Қазірдің өзінде осындай төрт жүз көлікке қатысты құқықбұзушылық анықталған.

Айбар Меңдібайұлы, қалалық полиция басқармасы патрульдік полиция батальоны командирінің міндетін атқарушы:

Әкімшілік полициямен жұмыс істеп жатырмыз. Олар бізге есебін береді. Осындай көлік құралдары 123, жүзден аса нұсқамасы бар деп қағаз береді. Біз батальонға бағдар береміз. Сол бағдар бойынша жұмыс істеп, тоқтатамыз.

Қазір облыс орталығының өзінде шет елдік тіркеудегі 42 көлік иесінің мемлекетке 35 миллион теңге қарызы бар. Ал, айып тұрағына әкелініп жатқан көліктердің саны көбеймесе, азаяр емес.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу