Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісімге келуі үшін Қазақстан Алматы алаңын ұсынуға дайын. Бұл туралы Мемлекет басшысы Армения Президентімен кездесуінде мәлімдеді. Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің қазақ-армян ынтымағын мүлдем жаңа деңгейге көтеруге мүдделі екенін айтты. Биыл екі ел арасындағы Достық пен ынтымақтастық туралы шартқа қол қойылғанына 25 жыл. Сауда-экономикалық ықпалдастықтан бөлек, қос халық арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстар серпінді дамып келеді деді Мемлекет басшысы. Келесі жылы Арменияда Қазақстан мәдениетінің онкүндігін ұйымдастыру жоспарланып отыр.
Ваагн Хачатурян қонақжайлық танытқаны үшін алғыс айтып, Қазақстанмен өзара тиімді ынтымақты одан әрі дамытуға бейілді екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстанға алғаш рет ресми сапармен келіп отырсыз. Мұны сіздің Қазақстанға деген шынайы құрметіңіздің белгісі деп бағалаймын. Сондай-ақ екі ел арасындағы ынтымақты нығайтуға деген ұмтылыстың айқын көрінісі деп санаймын. Бұл сапардың мән-маңызы зор. Біз қазақ-армян ынмымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге мүдделіміз.
Ваагн Хачатурян, Армения Президенті:
Қасиетті қазақ жеріне келгеніме қуаныштымын. Қазақстанның даму және өркендеу қарқынына тәнті болдым. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынастар ұзақ жылдарға жалғасады деп сенемін. Өйткені оның тарихи тамыры тереңде жатыр. Қазақстан – біздің сенімді әрі достас серіктесіміз. Бұдан бөлек екі ел арасындағы экономикалық байланыс табысты дамып келе жатқанын атап өткім келеді.
Шерхан Жамбылұлы