Жетісу облысындағы Көксу қант зауыты өнім қабылдауды уақытша тоқтатты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысындағы Көксу қант зауыты өнім қабылдауды уақытша тоқтатты

14.10.2024

Ал Жетісу облысындағы Көксу қант зауыты өнім қабылдауды уақытша тоқтатты. Биыл ауа райы қолайлы болып, шаруалар аста төк өнім алып, жаппай өткізе бастады. Салдарынан қант қызылшасын қабылдау пунктінде тәтті түбір жинайтын орын қалмады. Аймақ 13 700 гектар алқаптан 615 мың тонна өнім алуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде дақылдың 45 пайызы қазылып қойды.

Қуаныш Қанатұлы, тілші:

Қант қызылшасын жинау науқаны басталғалы қабылдау пунктіне 140 мың тоннаға дейін әкеліп, үйіп төгілді. Мәселен мына тау боп үйіліп жатқан қант қызылшасының биіктігі 7 метрге дейін барады. Ауа райының күрт жылынып кетуіне байланысты арасында қант қызылшасының сөлі аға бастады. Өнімді шашау шығармай өңдеп алу үшін зауыт 10 күнге мәжбүрлі түрде қабылдауды тоқтатты.

Кәсіпорынның бұл шешіміне түсіністікпен қараған шаруалардың бірі Қалибек Алпысбаев. Ол биыл гектарынан 700 центнерге дейін өнім алып жатыр. Біраз өнімін осы зауықа өткізіп те үлгерді. Қазір қалғанын Ақсу қант зауытына тасымалдауда. Себебі ол жақтағы кәсіпорын жол шығынын өтеп отыр.

Қалибек Алпысбаев, шаруа қожалығының жетекшісі:

Өгізді де өлтірмеуіміз керек, арбаны да сындырмауымыз керек. Қазіргі таңда біз Ақсу зауытына тасып жатырмыз. Тасыған жол шығынына әр килограммына бес теңге зауыт төлеп беріп жатыр.

Зауыт тәулігіне 2 мың тонна қант қызылшасын өндіруде. Бірінші кезекте бұзыла бастаған тәтті түбірді өңдеуге кірісті. Себебі уақыт өткен сайын дақыл қанттылығын жоғалта береді. Кәсіпорын басшысының айтуынша қант қызылшасы алқап басында сақталса сапасы төмендемейді.

Алтынбек Абатов, Көксу қант зауытының директоры:

Қожалықтардың өздерінің полясында жатса сол жерде жақсы сақталады. Себебі мына үлкен когаттарда ол демалмайды.

Стратегиялық дақылды өсіріп жатқан шаруалар өткізген өнімі үшін алғашқы төлемдерін де субсидия ретінде ала бастады.

Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Мемлекеттік субсидия 13 млрд қарастырған. Бүгінде 46 өтінім түсті. Оның 36 өтініміне бүгіннен бастап 1 млрд-тан астам ақша шаруалардың счеттарына аударылатын болады.

Зауыт қазанның 22-інен өнімді қайта қабылдай бастайды. Жергілікті билік те, кәсіпорын басшылары да ешкімнің өнімі далада қалмайды деп сендіріп отыр.


Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу