Сыр өңірінің шаруалары жәрмеңкеге мың тонна өнім әкелді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сыр өңірінің шаруалары жәрмеңкеге мың тонна өнім әкелді

14.10.2024

Биыл Сыр өңірінің диқандары 500 мың тонна күріш дақылын жинап, қамбаны дәнге толтырды. Бірқатар шаруашылықтар гектарынан 100 центнерге дейін өнім алып, рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Дәстүрлі алтын күзде аймақ шаруалары қалада кең ауқымда жәрмеңке ұйымдастырып, озат еңбеккерлер марапат төрінен көрінді.

Ала жаздай тер төгіп, жерден ырзық-несібесін терген ауыл еңбеккерлерінің жәрмеңкесін шаһар тұрғындары асыға күтеді. Биыл шаруалар мың тоннаға жуық өнім әкеліп, базар бағамынан төмен бағада көпшілікке ұсынды.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Арал ауданы қала жұртшылығы үшін 18 тонна балық әкелді. Міне, мынау бірер күн бұрын теңізде тіршілік еткен тірі балықтарды тұрғындар кезекке тұрып, таласып-тармасып сатып алып жатыр.

Сондай-ақ, жәрмеңкеде тұрғындар бақша дақылдарын қап-қабымен алып, қыстық азығын қамдап алды. Жалпы аймақта ауыл шаруашылығы өнімінің түрі көбейіп келеді. Шиелінің тауық жұмыртқасына, Жалағаш пен Сырдарияның күрішіне, Қазалының сүт-ірімшігіне, Қармақшының тауық етіне сұраныс жоғары болды.

Нұрлан Іздібаев, шаруашылық төрағасы:

Жәрмеңкеге ақ күріш, тауық еті, күріш жармасы оның жемдері барлығын осы Қызылорда халқына осы жәрмеңкеде өзіміз өндірген өнімді ұсынудамыз төменгі бағамен.

Еңбек озаттарына 13 автокөлік табысталды

Молшылық мерекесінен кейін ауылшаруашылығы озаттарын марапаттау рәсімі өтті. Салтанатты шарада қарапайым диқан мен механизатор, бақташы мен шопандар құрметке бөленді. Ал күріш өсіруде үздік атанған шаруаларға 13 жаңа автокөлік табысталды.

Нұрпейіс Байниязов, үздік күріш өсіруші:

Әр гектарынан 101 центнерден өнім алдық. 15 жыл болды күріш өсірумен айналысып жатқаныма. 4-5 жыл болды 100 деп армандап келе жатқаныма сол рекордқа биыл жеттік.

Пейілі дархан, еңбегі еселі Сыр өңірінің шаруалары осылайша тағы бір күзгі науқанды табысты аяқтады.


Әділбек Серікұлы


Хабарламаларға жазылу