Түркістан облысында 8 мыңдай оқушы спорт үйірмесіне барады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 8 мыңдай оқушы спорт үйірмесіне барады

14.10.2024

Түркістан облысында 8 мыңға жуық бала спорт үйірмесіне барады. Соңғы жылдары әсіресе ауыл балалары тегін үйірмелерден қалмай, бокс, күрес, таэквондо сияқты спорт түрімен айналысуда. Мәселен Келес ауданында бір жарым мыңға жуық бала жаттығу секцияларына барып, халықаралық додаларда топ жарып жүр.

Бұл Бесқұбыр ауылындағы спорт залы. Мұнда осы аумақтағы төрт елдімекеннен жүзге жуық бала келіп, бокспен шұғылданады. Спорт залдың ашылғанына бір жыл ғана болса да жеңімпаз атанып үлгергендер жетеді. Солардың бірі Дидар Мұхаммедәмин. Он бір жастағы жеткіншектің қабілетін байқаған бапкерлер оны кәсіби деңгейде жаттықтырып жүр.

Дидар Мұхаммедәмин, оқушы:

Бірінші мамыр ауылында мектепте тренировка болатын еді. Сол жақта істейтін едік. Кейін осы зал ашылды. Жақында Өзбекстанда бірінші орын алдым. Көбінесе өзіміздің жарыстарда бірінші орын аламын.

Келес ауданында бір жарым жыл ішінде алты ауылдық округте тегін үйірмелер ашылды. Бұған дейін жеткіншектер бокс, үстел теннисі, еркін күрес, футболмен шұғылданса, биылдан бастап таэквондо, шығыс жекпе жегі, дзюдомен айналысады.

Нұрлан Сапарәлиев, жаттықтырушы:

Қаланың балаларынан гөрі ауылда жұмыс істеп жүреді. Қарапайым, қара күштің балалары ауылдан шығады. Ертең Қазақстан бар, Азия чемпионы боласыңдар. Суреттегі ағаларың сияқты чемпион боласыңдар деп, оларға солай насихаттаймыз. Олар қызығып, келіп жатыр қазір.

Әлішер Мамадияров, Келес спорт клубының директоры:

14 ауылдық округтегі біраз ауылда спорт үйірмелері жоқ. Сондықтан ондай елдімекендерге кәсіпкерлерді тартып, спорт кешендерін аштыруды көздеп отыр.

Тегін үйірмелер қазір Сарыағаш ауданында да жаппай ашылып жатыр. Мемлекет бөлген қаржының арқасында кәсіпкерлер спорт залдарын жабдықтап, ауыл балаларының грек-рим, еркін күрес пен кіші футбол алаңдарында жаттығуына мүмкіндік жасады.

Дидар Қалмахан, Қазақстан чемпионатының жүлдегері:

Біз жарыстарға барғанда өзімізге сенімді болып барамыз және жаттығуымыз тыңғылықты болғандықтан, біз өзімізге қатты сенеміз. Қазірдің өзінде мен Қазақстан чемпионатының күміс және қола жүлдегері болдым.

Жекеменшік әріптестік аясында өңір кәсіпкерлері мемлекеттен 11 млрд теңгеден астам қаражат алып, ауылдық жерлерде спорттың 28 түрі бойынша үйірмелер ашқан. Соның арқасында 8 мыңға тарта бала спортпен тегін шұғылданып жүр.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу