Шығыс Қазақстанда «Салбурын-2024» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шығыс Қазақстанда «Салбурын-2024» халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті

14.10.2024

Шығыс Қазақстан облысында «Салбурын-2024»  халықаралық бүркітшілер фестивалі өтті. Бұл шара Астанада өткен көшпенділер ойынының жалғасы іспеттес. Осымен екінші рет өткен шараға 6 мемлекеттің құсбегілері келіп қырандарының бабын сынады. Сонымен қатар фестиваль аясында тақымы мықты жігіттер асау үйретсе, мергендер садақ атудан сынға түсті.

Қыран құсты ұлықтауға арналған фестиваль былтырдан бері халықаралық дәрежеде өткізіліп келеді. Құсбегілер қырандарын қолға шақыру, шырға тарту, қоян мен түлкіге салу сияқты жарыстарға қатысты. Бас-аяғы үш күнге созылған шараның нәтижесі бойынша жетісулық құсбегі Сәлімхан Ерғазыұлының қыраны жүгірген аңның ешбірін құтқармады.

 Сәлімхан Ерғазыұлы, құсбегі:

 Қазақтың төл өнері ғой. Осы шараның бәрі бүркіттің құрметіне ұйымдастырылып жатыр. Жарыс өте жақыс өтті. Әділетті өтті. Құсым бірніші орын алды. Өте жақсы.

Қыран бүркіттер түлкіге түссе, қолына ителгі мен сұңқар қондырғандар қоянға томаға сыпырды. Тіпті Мажарстаннан келген құсбегілер де бар. 

 Сабо Гергали, құсбегі: 

Бұл фестивальге екінші рет қатысып тұрмын. Мен үшін бұл өте қызық. Ал құсбегілік өнер Қазақстанда қазір өте жақсы дамып келеді. Мені сол қуантады. 

Фестивалді өткізудегі негізгі мақсат – ұлттық өнерді ұлықтап,  саятшылықты насихаттау. 

 Нұрымбет Сақтағанов, облыс әкімінің орынбасары:

Биылғы фестивальді осы жақында ғана Астана қаласында өткен  көшпенділер ойынының жалғасы деп айтуымызға болады. Осындай фестивальдер елдеріміздің салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын бірбіріне көрсетіп, жақсы жақтарын бір біріне үйретіп, бірлікте болуына үлкен септігін тигізеді.

Құсбегілер қырандарын аңға салып жатқанда қолөнер шеберлері көрме өткізді. Ал тақымы темір жігіттер жүген-құрық тимеген асауға мінді. Фестивальге қатысып, көзге түскен өнер иелері мен қыран құс баптап әкелген құсбегілердің барлығына сый-сыяпат көрсетілді. 

Олжас Керейхан

 


Хабарламаларға жазылу