Ақтауда ұлттық компания қызметкерлері ел бойынша 10 мың ағаш отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтауда ұлттық компания қызметкерлері ел бойынша 10 мың ағаш отырғызды

12.10.2024

«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қызметкерлері бүгін республика бойынша 10 мыңнан астам ағаш отырғызды. Соның ішінде Маңғыстау облысында 3 мыңнан астам ағаш егілді. Компанияның еншілес «Каспий битум» кәсіпорнының 100-ден астам қызметкері Ақтау қаласында жаңадан салынып жатқан саябаққа 130 түп ағаш отырғызды.

«ҚазМұнайГаз»  компаниясының бүгінгі жасыл желек отырғызу бойынша экоакциясы Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 28 кәсіпорынды қамтыды.

Асхат Хасенов, «Қазмұнайгаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы:

Мемлекет басшымыз Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында бүкіл өңірлерде біздің өзіміздің «ҚазМұнайГаздың» қатысы бар өңірлерде 10 мың тал егіп жатырмыз бір күнде. Өзімізден басталады осы тазалық та, экология да барлығы да. Осы шараларға біз өзіміз өз басымыз белсенді қатысып, аса жауапкершілікпен қараймыз.

«Таза Қазақстан» акциясының мақсаты − тұрғындар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Мемлекет басшысының бастамасын қолдау мақсатында «ҚазМұнайГазға» қарасты компаниялардың қызметкерлері қалалармен бірге іргелес елді мекендердің және кен орындарының аумақтарында көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарын жүргізуде.

Осы орайда бүгінгі шараға атсалысқан қызметкерлердің бірі - Нұрлан Өмірбаев тұрғындарды көшет отырғызып, қоршаған ортаны жасыл желекке айналдыруға шақырды.

Нұрлан Өмірбаев, «Каспий Битум» ЖШС операторы:

Көгалдандыру біздің Ақтау қаласына керек дүние. Бәріміз ел болып, қала тұрғындары болып тал ексек, осыған атсалыссақ өйістіп паркімізді көркейтсек игі іс деп ойлаймын ол деген. Осындай аймақтар көбейе берсін, парктің іші талға, жеміс-жидекке толса нұр үстіне нұр болар еді.

«ҚазМұнайГаз» компаниясы жыл соңына дейін 88 мың жасыл желек егуді жоспарлайды.

Айта кетейік, биыл сәуір айында «ҚазМұнайГаздың»  ұйымдастырумен Арал теңізінің құрғаған ұлтанындағы 15 мың гектар алқапқа 4,5 млн сексеуіл көшеті отырғызылған.

Аягөз Оралбайқызы

Хабарламаларға жазылу