Мәулен Әшімбаев Тәжікстанда халықаралық конференцияға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәулен Әшімбаев Тәжікстанда халықаралық конференцияға қатысты

11.10.2024

Бүгін Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Тәжікстанда халықаралық конференцияға қатысты. Сапар барысында сенат спикері Тәжікстан республикасының президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Сондай-ақ, ТМД елдерінің бірқатар Парламент төрағаларымен екіжақты кездесу өткізді. Душанбе қаласынан әріптесім Азамат Бейбітұлы толығырақ баяндайды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:
Осыдан санаулы ай бұрын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен келгенде екі елдің ынтымағы мен байланысын одан әрі дамыта түсетін тарихи маңызы бар құжатқа қол қойған болатын. Сол кезде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон парламентаралық байланысты жандандыру туралы ұсыныс білдірген. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынысты қолдап, қуаттай түсті. Мемлекеттер арасындағы берік байланыс парламенттер деңгейінде де дамып, қарқын ала түсті. Оған бүгінгі сенаторлар сапары тағы бір дәлел.
Біздің делегация әуелі Тәжікстан президентімен кездесті. Одан кейін, тәжік мемлекетінің негізін қалаған тарихи тұлға Исмоил Сомонидің ескерткішіне гүл шоғын қою рәсімі өтті.

Биыл Тәжікстанның конститутциясына 30 жыл толып отыр. Соған орай тап осы халықаралық конференция ұйымдастырылған.

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:

Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жемісті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде елдеріміз арасында Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізін қалайды.
ТМД елдерінің, әсіресе, Орта Азиядағы мемлекеттердің тарихы ұқсас, кей бауырлас халықтардың мәдениеті мен рухани мінез-құлқы да үндесіп жатады. Сондықтан, бүгінгі жаһандану заманында үсті-үстіне үдеткен үдерістерді сұрыптап, таразыны тең ұстау үшін мемлекеттер арасында һәм билік тармақтарында да байланыс болуы тиіс. Тәжірибе – оң шешімге апаратын қадам. Бүгінгі парламенттер жиынның мәні осыған саяды.

Геннадий Шиповских, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Осындай оңай емес геосаяси кеңезде біздің орталық Ахзия елдерінің басында ортақ мәселелеріміз бар, дүниелеріміз бар, халықаралық қатынастарымыз бар, сонымен қатар әлеуметтік экономикалық мәселелеріміз де бар. Яғни, осындай конференцияларымыздың аясында біздің парламенттеріміздің басшылары келіп, түрлі мәселені талқылап, ары қарай дамытуға өз үлестерін қосады.
Конференция барысында конституциялық құқықты дамытудың негізгі мәселелері талқыланды. Биліктің заңнамалық тармақтарын жетілдіру бойынша тәжірибе бөлісті тараптар. Депуттар жаһанға ортақ мәселелерді реттеудің оң шешімін бағамдап көрді.

Әсем Рахметова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
ҚР бірнеше ай бұрын ғана арнайы заң қабылданған болатын әйел құқығы қатысты, бала құқығына қатысты білесіздер. Осы тәжірибемізбен бөлістік,яғни, бүгінгі таңда заңды қатайтпаса болмайтынын да айттық. Сонымен қатар ортақ мәселелеріміз бар. Солардың бәрін бірлесе шешу, алдағы уақытта тәжірибе алмасу туралы келісіп жатырмыз.
Сапар кезінде бірқатар екіжақты кездесу өтті. Ресей Федерациясы Федералдық жиналысы Федерация кеңесінің Төрағасы Валентина Матвиенкомен кездесуде заң шығарушы органдар желісі бойынша өзара іс-қимылды нығайту перспективалары талқыланды. Қазақстан делегациясы Тәжікстан Маджлиси Оли Маджлиси милли төрағасы Рустами Эмомалимен және Әзербайжан Милли Мәжілісінің Спикері Сагиба Гафаровамен кездесті. Тараптар байланысты одан әрі бектудің бағыттарын бағамдады.

Азамат Бейбітұлы, тілші:
Қазақ-тәжік тарихтан бауырлас және бүгінде одақтас ел. Арада достық пен сенім салатан құрып тұр. Барыс-келіс, алыс-беріс артып жатыр. Соңғы бес жылда екі ел арасындағы тауар айналымы екі есе өсіп, 1 млрд доллардан асқан. Бүгінгі жиындада тараптардың төркіндес ұстанымы – сол ырысқа бастаған ынтымақты одан әрі арттыру.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу