СҚО-да боран соғып, әуе рейстері уақытша тоқтатылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

СҚО-да боран соғып, әуе рейстері уақытша тоқтатылды

11.10.2024
0:00:00
0:00:00

Солтүстік Қазақстан облысында ауа райының күрт нашарлауына байланысты әуе рейстері тоқтатылды. Таң ата басталған қар боранға ұласты. Салдарынан жолдар көктайғаққа айналып, көлік дөңгелегін ауыстыру пункттерінде ұзын-сонар кезек пайда болды.

Эльмира Кәленова, тілші:

Ауа райының күрт өзгеруіне байланысты тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Көктайғақтың салдарынан көлік қозғалысы қиындады. Дөңгелегін ауыстырып үлгермеген жүргізушілер сағаттап кезек күтуде. Республикалық маңызы бар жолдарда, қала ішінде бірнеше көлік апаты тіркелді. Астанадан Петропавлға және Көкшетауға баратын жолдар жабылды.

Жасұлан Сәдуақасов, облыстық ПД патрульдік полиция батальонының взвод командирі:

Елді мекендерден қажеттіліксіз шықпауларыңызға, көліктеріңіздің техникалық жағдайына мән беріп, уақытылы қысқы дөңгелектерге ауыстыруыңызды сұраймыз.

Синоптиктердің болжамынша мұндай ауа райы әлі бірнеше күн бойы сақталады. Жекелеген аудандарда желдің екпіні секундына 30 метрге дейін жетуі мүмкін. Ал түнде ауа температурасы – 10 градусқа дейін төмендейді. Дауылды ескерту жарияланды. Ұшақ қатынасы қашан қалыпқа келетіні белгісіз. Астана мен Алматыға баратын рейстер тоқтатылды. Әуежай басшылығы жолаушыларға билеттің толық құны қайтарылатынын жеткізді.

Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу