Сенат Төрағасы Тәжікстанда Халықаралық конференцияға қатысты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат Төрағасы Тәжікстанда Халықаралық конференцияға қатысты

11.10.2024

Ел Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев бастаған палата делегациясы Тәжікстанға барды. Сол елдің астанасы Душанбеден дәл қазір әріптесім Азамат Бейбітұлы тікелей байланысқа шыққалы тұр. Азамат, бұл сапардың мақсаты қандай? 

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Дархан, қайырлы күн! Рет-ретімен баяндайын. Әуелі сапар барысында сенаторлар Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонмен кездесті. Мәулен Әшімбаев бауырлас елдің басшысына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың жылы лебізін жеткізіп, қазақ-тәжік арасындағы ынтымақтың арта түсуіне екі елдің достығы мен президенттердің сындарлы және сенімді диалогы сеп екенін айтты.
Биыл Тәжікстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толып отыр. Осыған орай Халықаралық парламенттік конференция ұйымдастырылған. Алқалы жиында сөз сөйлеген Мәулен Әшімбаев екі ел арасындағы қалыптасқан өзара түсіністік пен сенімнің жоғары деңгейде екеніне екпін түсіріп, оның мән-маңызына ерекше тоқталды. Режиссер әріптестерім, Сенат спикерінің сөзінен үзіндіге кезек берсе...

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Қазақстан мен Тәжікстан арасында сенімді және жемісті қарым-қатынас орнады. Биылғы тамызда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Тәжікстанға сапары және сол кезде қол жеткізілген уағдаластықтар осы айтылғандарды кезекті рет нақтылай түсті. Аталған сапар кезінде елдеріміз арасында Одақтастық қатынастар туралы тарихи шартқа қол қойылды. Бұл маңызды құжат жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Сондай-ақ елдеріміз арасындағы жан-жақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің берік негізін қалайды.

Азамат Бейбітұлы, тілші:

Халықаралық парламенттік конференция әлі өтіп жатыр. Мұнда әр елден келген делегация өкілдері мен депутаттар бірнеше ортақ тақырып бойынша пікір алмасып, тәжірибе бөлісуде. Сапар аясында ел Парламенті Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаев басқа мемлекеттердің парламент басшыларымен бірқатар екіжақты кездесулер өткізеді деп жоспарланған. Ол жайлы алдағы эфирлерде тарқатып айтатын боламын. Дархан...

Азамат Бейбітұлы



Хабарламаларға жазылу