Теңге құнсызданбайды. Ұлттық экономика министрінің орынбасары Арман Қасенов cенатта өткен брифингте осылай деді. Десе де, ұлттық валюта бағамына сыртқы факторлар әсер етуі мүмкін.
«Қазақстанның депозит қорында шетелдік валютаға қарағанда, төл теңгенің үлесі басым. Сондықтан ұлттық валютаның тұрақтылығына сенемін», - деді Арман Қасенов.
Арман Қасенов, ҚР Ұлттық экономика министрінің орынбасары:
Деваливацияға негіз жоқ. Экспортымыз былтырғыдан әлдеқайда жоғары. Импорт төмендеді. Қазір бізде оңтайлы сауда балансы қалыптасты. Сондықтан қазір бізде девальвацияға ешқандай негіз жоқ.
Доллар қымбаттады, бұл бюджетке тиімді - сарапшылар
Айта өтейік, қор нарығындағы көк қағаздың құны қазір 491 теңге, еуро 538, рубль 5 теңгеден.
Ал ақша айырбастау бекеттерінде бір доллар 493-495 теңгеден сатылып жатыр. Жалпы алғанда АҚШ валютасы соңғы бір аптада 10 теңгеге қымбаттаған. Экономист теңгенің әлсіреуі ел бюджетіне тиімді екенін айтады.
Бауыржан Ысқақов, сарапшы:
Шикізат экспорттайтын мемлекет ретінде оның да оң жағы бар. Өйткені, біздің мұнайымыз да, газымыз да, темір-терсегіміз де барлығы да шетелге доллармен сатылғандықтан, табысының барлығы да біздің ұлттық қорға доллар ретінде құйылғандықтан, ұлттық қордағы қаражаттың өсуіне әкеледі. Сол арқылы девиденттің, ұлттық қор балаларға деген секілді болашақта болатын түсімдердің артуына әкеледі.
Айя Мүтәлі