«Милтон» дауылы АҚШ-тың Флорида жағалауына жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Милтон» дауылы АҚШ-тың Флорида жағалауына жетті

10.10.2024
0:00:00
0:00:00

Қуаты жойқын Милтон дауылы Флорида шығанағына жетті. Сұрапыл желдің жылдамдығы бәсеңдегеннің өзінде сағатына 200 шақырымға барады. Соңғы мәліметтерге сай штатта 2 млн 600 мың үй мен кәсіпорын жарықсыз қалған. Тұтас бір қала тұрғындары ауыз сусыз отыр. Дауыл кезінде мерт болғандар бар. Олардың нақты саны белгісіз.

АҚШ билігі монстр деп атаған алапат дауыл санаулы күнде Флорида жағалауына жойқын жылдамдықпен жетті. Шығанақтағы бірнеше қалада төтенше жағдай жарияланды. Бес миллион адам қауіпсіз жерге кетіп үлгерген. Ал қуаты үшінші санатқа теңелген дауылдың негізгі соққысы үш жарым миллион тұрғыны бар Тампа қаласына келмек. Бұл шаһарда тұратын қазақ отбасылар да аз емес. Бізбен байланысқа шыққан Шұға Арыстанбекова кеше ғана отбасымен бірге дауылдан қашып, Маямиге жақын шағын қалаға барып тоқтағанын айтты.

Шұға Арыстанбекова, Тампа қаласының тұрғыны:

Зерттеп білдік, жүз жылда бір рет келетін дауыл болғандықтан біз де терезелерімізді ағаш тақтайшалармен жауып, шегелеп тастадық. Үйдің ішіне де сыртына да алыстан бақылап отыру үшін камера қойып қойдым. Енді онлайн үйімді қарап отырмын. Қазір жел болып жатыр. Соққы түнді екі үште түсуі мүмкін.

Жалпы бес жүз шақырымға жуық созылып жатқан жағалау бойында тұратын миллиондаған адамға қауіпсіз жерге көшу туралы бұйрық берілген. Бірақ тұрғындардың барлығы қауіпті аймақтан кетіп үлгермеді. Оған бір жағынан үлкен трассалардағы ондаған шақырымға созылған көлік кептелістері мен жанармайдың таусылуы себеп болса, екінші жағынан дауылға әбден еті үйреніп кеткен кейбір тұрғындар бұл жолы да тәуекелге барып үйлерінде қалып қойған. Шұғаның айтуынша, Тампа қаласында тұратын екі жүз қазақ отбасының да бір бөлігі қауіпсіз жерге көшпеген.

Шұға Арыстанбекова, Тампа қаласының тұрғыны:

Біз қазақстандықтармен біз барлығымыз бір чаттамыз. Бір-біріміз туралы білісіп тұрамыз. Осы ураган кезінде көбі қаладан шығып кетті. Дегенмен кейбіреулері қалды. Үйлерінде отыр қазір.

Метеорологтар Милтонды ғасырда бір келетін табиғи құбылыс деп отыр. Дауыл шығанақты бел ортасынан кесіп өткенімен тұтас жағалауға кері әсері болмақ. Кейбір жерлерде теңіз суы 4 метрге дейін көтеріліп, нөсер жаңбыр жауып, алапат су тасқынына ұласуы мүмкін. АҚШ президенті Джо Байден де бірнеше рет тікелей эфирде мәлімдеме жасап, бұл циклонның сұрапыл болатынын ескертті.

Джо Байден, АҚШ президенті:

Милтон жойқын дауыл болмақ, тұтас аудандарды тып-типыл етіп, адам өліміне әкелуі мүмкін. Қарғын су деңгейі төрт метрге дейін көтерілмек. Сондықтан баршаңызды жергілікті шенеуніктерді тыңдап, қауіпсіздік нұсқауларын орындауға шақырамын. Қазір қауіпсіз аймаққа көшу қиын болуы мүмкін, сондықтан арнайы дайындалған қауіпсіз жерлерді паналаңыздар.

Дауылдың негізгі толқыны жетпей тұрып-ақ өңірде қатты жел тұрып, нөсер жаңбыр жауып жатыр. Тіпті бір күнде отыздан аса торнадо тұрып, ондаған нысанның шатырын жұлып қиратып кетті. Ал екпіндетіп келген дауылдың өңір азаматтары үшін салдары бұдан да сұрапыл болары анық дейді мамандар.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу