Жас дін лидерлерінің форумына 30-дан астам елден түрлі дін өкілдері келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жас дін лидерлерінің форумына 30-дан астам елден түрлі дін өкілдері келді

09.10.2024
0:00:00
0:00:00

Бүгін Астанада Жас діни көшбасшылар форумы өтті. Оған әлемнің 30-дан астам елінен түрлі дін өкілдері келген. Ауқымды шара алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Жаһанның жастары жиналған басқосу жайлы келесі материалда. 

Бұл форум - жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын алаң. Сенат Төрағасы, Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі хатшылығының басшысы Мәулен Әшімбаев Президенттің форум делегаттарына жолдаған құттықтау хатын оқып берді. Ауқымды шараның маңызына тоқталды. 

Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:

Бұл бастама жас діни көшбасшылар форумы жан-жақты диалог қалыптастыратын және қазіргі сын-қатерлерді бірлесіп еңсеретін, жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын бірегей платформаға айналады деп үміттенеміз.

Жиынға қатысқан жас діни көшбасшылар сөз сөйлеп, түрлі тақырыпты қамтып, тәжірибе бөлісті.

Афра Мұхаммед әл-Сабри, БАЭ Толеранттылық және бейбіт қатар өмір сүру министрлігінің бас директоры:

Біз жастардың шығармашылық қабілеттерін кеңейтіп, жобаларының жүзеге асуына көмек береміз. Мысалы, біз жастар ұйымын құрдық, онда кейінгі буын өкілдері өздерінің шығармашылығын одан әрі дамытуға мүмкіндік алады.

Форумның мақсаты - түрлі саланың жас өкілдерін қазіргі заманғы өзекті мәселелердің шешімдерін іздеуге ынталандыру. Сондай-ақ, дінаралық және мәдениет пен руханияттағы дипломатия дәстүрлерін сақтап, одан әрі дамыту.

Ершат Оңғар, «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры:

Форумның ерекшелігі сонда - біз Қазақстан 21 жыл болды әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезін өткізіп келе жатыр. Енді осы 20 жылда атсалысқан ағалар келесі ұрпаққа бағыт-бағдар беріп, сабақтастық жалғастырып жатқандай қабылданды. 

Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі талай жылдан бері өркениеттер үндестігін орнықтырып, бейбітшілік пен келісімді дәріптеп келеді. Бұл ізгі істі жас діни көшбасшылар форум аясында одан әрі сабақтай түспек.

Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу