Дауыс беруге құқылы азаматтардың 71 пайыздан астамы Қазақстанда АЭС салуға келісімін берді. Яғни, референдумға қатысқан 7 820 204 азаматтың 5,5 милионнан астамы ауқымды жобаны қолдаған. Бұл туралы Орталық референдум комиссиясының қорытынды отырысында айтылды. Қоғамдық науқанның нәтижесі жайлы тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес тарқатып айтады.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
7 820 204 азамат. Атом электр станциясын салу бойынша референдумда осыншама адам өз таңдауын жасады. Оның 71 пайыздан астамы, яғни 5 561 937 адам ауқымды жобаның құрылысын қолдаса, 2 045 271 азамат қарсылық білдірген. Айта кету керек, науқан қорытындысы бойынша, 130 267 дана бюллетень жарамсыз деп танылған. Сондай-ақ «келісемін және келіспеймін» деген пункттерді бірден белгілеген 82 729 бюллетень де есепке алынбаған.
Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық референдум комиссиясының төрағасы:
Осылайша Республикалық референдум туралы Конституциялық заңның нормаларына сәйкес Қазақстан АЭС салу туралы референдумға қойылған мәселе бойынша шешім қабылданды деп саналады. Осылайшай қазақстандықтар 2024 жылғы 6 қазанда өткен республикалық референдумда Қазақстанда АЭС салуға қатысты мемлекет өміріндегі маңызды мәселе бойынша өз таңдауын жасады.
Айта кету керек, референдумда 246 аумақтық, 10 323 учаскеліке комиссия жұмыс істеді. Одан бөлек шет мемлекеттер мен Шанхай ынтымақтастық ұйымы, ТМД сынды беделді халықаралық ұйымдардың 170 байқаушысы науқан барысын бақылады. Олардың айтуынша, дауыс беру учаскелерінде барлық жағдай жасалған және мүмкіндігі шектеулі жандардың жайы да ескерілген. Мәселен, референдумда учаскеге келе алмайтын және мүмкіндігі шектеулі 91 мыңнан астам азамат конституциялық құқығын пайдаланған.
Олег Копылов, ШЫҰ байқаушылары миссиясының басшысы:
Миссия Қазақстанда АЭС салу мәселесі бойынша республикалық референдум қолданыстағы заңнамаға және Қазақстан Республикасы қабылдаған халықаралық міндеттемелерге сәйкес өткізілгенін мәлімдейді. Референдум ашық, еркін және заңды деп танылды.
Маңызды шарадан 1 500-ге жуық БАҚ өкілі хабар таратты. Оның екі жүздейі шетелдік журналист. Олардың айтуынша, референдумда дауыс бергендердің үлесі Еуропа елдеріндегі орташа көрсеткішпен бірдей.
Луай Қаддуми, журналист /Қатар/:
Бәрі ашық түрде өтті. Ұйымдастыру деңгейі жоғары болды. Біз бірнеше байқаушымен сөйлестік. Олар да осыны айтып отыр. Референдумға қатысқандардың үлесі көп. Бұл халықтың тақырыпқа қызығып, шешім қабылдау процесіне қатысқысы келетінін көрсетеді.
Сонымен АЭС салынатын болды. Ендігі басты мәселе – оны кім салады? Ауқымды жобаны жүзеге асыруға Қытай, Оңтүстік Корея, Франция және Ресей сынды елдердің компаниялары ниет білдіріп отыр.
Нұрсұлтан Тілектес