Алматыда түрік фильмдерінің апталығы өтіп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда түрік фильмдерінің апталығы өтіп жатыр

07.10.2024

Алматыда түрік фильмдерінің апталығы басталды. Шара Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің қолдауымен 9-шы рет өтіп жатыр. Апталықта танымал режиссерлер мен актерлер, киносыншылар қатысып, өз пікірін ортаға салды. Іс-шара аясында талай рөлдерді сомдап, көрермен көзайымына айналған түрік актерлары Онур Туна мен Пелин Акил арнайы келді.

Түрік киносы апталығы белгілі режиссер Левент Онанның «Соңғы кешкі ас» фильмімен ашылды. Тарихи туынды Мұстафа Кемал Ататүріктің тарихи кезең алдындағы бір күндік өмірін, ішкі толғанысын сипаттайды.

Онур Туна, актер:

«Соңғы кешкі ас» фильмі былтыр көрермен назарына ұсынылды. Жанкүйерлерім менің сомдаған рөлімді жақсы қабылдады. Біз бауырлас елміз, қазақ халқы құшақ жая қарсы алып жатыр. Алматыға алғаш келуім. Маған жасыл желекке оранған қаланың келбеті қатты ұнады.

Апталықтың басты мақсаты – екі ел арасындағы бауырластықты нығайтып, түбі бір түркі халқының мәдениетін кеңінен насихаттау, дейді ұйымдастырушылар.

Онур Кылыш, ұйымдастырушы:

Апталықта кәсіби режиссерлердің түрлі марапатқа ие болған танымал фильмдерін көрсетіп жатырмыз. Мұндай ауқымды іс-шараны 30 елде өткіздік. Қазақ көрермені біздің туындыларды жылы қабылдайды деп ойлаймын.

Мәдени шара аясында түрлі жанрдағы 5 фильм көрсетіледі. Оның ішінде шынайы оқиғаға негізделген «Өмірмен келіс» фильмі бар. Туындыда бала күнінде оқыс оқиғаға тап болған кейіпкердің тағдырмен күресі, жанкештілігі көрсетіледі.

Метин Гүнгөрен, ұйымдастырушы:

Кішкентай көрермендерімізге арналған «Рафадан тайпа» анимациялық фильмімізді де көпшілік назарына ұсынамыз. Сонымен қатар, патриоттық сезімді оятып, қаһармандықты дәріптейтін, ғашықтық сезімге толы киноларымызды да алып келдік.

Түрік фильмдері «Esentai Mall» кинотеатрында тегін көрсетіледі. Мәдени шара Қазақстанда басталып, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжанда жалғасады.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу