Қарқаралыда басталған өрт Павлодар облысына жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарқаралыда басталған өрт Павлодар облысына жетті

07.10.2024

Қарағандының Қарқаралы ауданында басталған өрт Павлодар облысы аумағына жетті. Баянауылдың Желтау ауылының 18 тұрғыны тікұшақпен қауіпсіз жерге көшірілді.

Түнде Астана мен Абай облысынан өрт сөндірушілер мен әскер көмекке келді. Тілсіз жау әзірге толық өшірілген жоқ. Естеріңізге сала кетейік, өрт кеше түс ауа Қарағандының Қарқаралы жағынан басталды. Қапталдай соққан желдің әсерінен бірден күш алып, қурап тұрған қау шөпті жапыра жылжыған. Тіпті өрт сөндірушілердің өзі от құрсауында қалып, күйік шалған 4 құтқарушы ауруханаға жеткізілді. 1991 жылы туған сержант Хали Хайрат қаза тапты.

Алдын ала мәліметке қарағанда Павлодар облысының аумағындағы өрт шалған жердің көлемі шамамен 6 мың гектар. Яғни кешегіге қарағанда екі есеге ұлғайды. Тілсіз жаумен күресуге 310 адам, 51 арнайы техника, 2 тікұшақ жұмылдырылды. Мәліметке қарағанда, таулы-қыратты аумақта техниканың жүруі қиын және қатты жел тұрып, жалынды тұмшалауға қиындық келтіруде.

Қазір екі аймақта да өңірлік жедел штаб жұмыс істеп тұр.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу