Сонымен, АЭС салу бойынша республикалық референдумда дауыс беру аяқталды. 2 сағат бұрын елдегі барлық учаске жабылды. Сағат 20.00-ден бастап дауыстарды санау басталды. Референдум барысында еліміз бойынша дауыс беруге құқы бар азаматтардың 63,87 пайызы өз таңдауын жасады.
Яғни, дауыс беруге құқылы 12 млн-нан астам халықтың 7 млн 820 мыңнан астамы референдумға қатысқан. Бұл орталық референдум комиссиясының сағат 20:00-де берген мәліметі.
Алдын ала деректерді есептеу бойынша, Қызылорда облысының тұрғындары белсенді. Өңір халқының 82,48 пайызы дауыс берген. Одан кейін Түркістан облысы тұр. Ақтөбеде де референдум учаскесіне келіп, бюллетень алған азаматтар көп. Бұл өңірлерде халықтың 75 пайыздан астамы дауыс берген. Ал белсенділігі ең төмен алматылықтар екен. Қала жұртының 25,39 пайызы ғана өз таңдауын жасады. Ал, қоғамдық науқанның жалпы нәтижесі дауыс берген күннен бастап 7 күн ішінде жарияланады.