Түркияның Анкара, Стамбұл және Анталия қалаларында үш референдум учаскесі жұмыс істеп тұр. Үшеуінде де, жастар өте белсенді. Дауыс беруге келгендердің шамамен 70 пайызы студенттер. Тіпті өз қаласында референдум учаскесі жоқ студенттер көршілес ірі қалаларға барып дауыс беруде. Стамбұлдағы № 387 референдум учаскесіне Сакария, Чанаккале, Измир сияқты ірі қалалардан да студенттер келген. Белсенді жастар ел ертеңі үшін таңдау жасау арқылы Қазақстанның болашағына бей-жай қарамайтынымызды көрсеткіміз келеді дейді. Референдумға келген студенттердің көпшілігі тұңғыш рет дауыс берген 18 жастағы азаматтар.
Айзада Ермек, Стамбұл сауда университетінің 1-курс студенті:
Жақында ғана 18 жасқа толғам. Бұл менің бірінші рет қатысуым және бірінші рет дауыс беруім. Қазақстанның жарқын болашағы үшін үлесімді қосып жатқаныма өте қуаныштымын. Және сіздерді де шақырамын дауыс беруге.
Ұлмекен Тоқтасын, Измир қаласындағы қазақ студенттерінің белсендісі:
Референдумға Измир қаласынан 200-ге жуық студенттерді жинап келдік. Белсендінің бірімін. 5 автобуспен келдік. Өз дауысымызды беріп қайтатын боламыз. Өте қуаныштымыз Қазақстанға бірден бір үлес қосып жатқанымызға. Шетелде осы үшін білім алудамыз. Одан әрі білімімізді кеңейтіп мықты маман болып елге ораламыз деген үміттеміз.
Айдос Әшімұлы