Өзбекстандағы қазақстандықтардың 63 пайызы өз таңдауын жасады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстандағы қазақстандықтардың 63 пайызы өз таңдауын жасады

06.10.2024

Өзбекстанда дауыс беру жалғасып жатыр. Соңғы ақпаратқа сай көрші елдегі отандастарымыздың 63 пайызы өз таңдауын жасаған. Бауырлас мемлекеттегі дауыс беру барысы жайлы тілшіміз баяндауға әзір.

Базаркүл Отыншиева, тілші:

Мен Ташкент қаласы маңында орналасқан шипажайлардың бірінде тұрмын. Мұнда 180-ге жуық отандасымыз ем алып жатыр. Өзбекстандағы Қазақстан елшілігінің жанынан құрылған арнайы топтың өкілдері жылжымалы жәшіктерді алып келді.

Осында демалып жатқан отандастарымыздың дауыс беруіне жағдай жасалды. Демалушылар негізінен орта жастағы азаматтар. Арасында зейнеткерлер де аз емес. Болашақ ұрпақ үшін елдің экономикалық даму жолындағы қадам үшін елеулі оқиғадан шет қалмайық таңдауымызды жасайық деп шештік дейді.

Айнаш Атымтаева, Қазақстан азаматы:

Осы шипажайда демалып жатырмыз. Сұрап жүргем дауысты қалай береміз деп, міне түс қайта келсек мамандар келіпті, дауысымызды бердік. Барлығы жақсы, рахмет.

Өзбекстандағы Қазақстан елшілігі жанынан ашылған референдум учаскесіне бауырлас елде уақытша тұрып жатқан, жұмыс бабымен немесе білім алып жүрген азаматтар келіп дауыс беріп жатыр. Алдын ала белгіленген тізім бойынша бүгін 600-ге жуық қазақстандық конституциялық құқығын пайдаланып таңдау жасайды деп күтіліп отыр. Олардың қатарында елшілік өкілдері, қарапайым тұрғындар, студент жастар бар.

Дауыс беру кешкі сағат 8 дейін жалғасады. Өзбекстан мен бізде уақыт айырмашылығы жоқ.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу