Түркістанда шәкірттері топ жарған ұстазға көлік сыйлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістанда шәкірттері топ жарған ұстазға көлік сыйлады

05.10.2024

Түркістанда шәкірті шетелдің 42 жоғары оқу орнынан шақырту алған ұстаз Арғын Ержанұлына көлік сыйға тартылды. «Түркістан Білім-инновация» лицейінің география пәні мұғалімінің жеткен жетістігі тек бұл ғана емес. Осы күні оның шәкірттері көптеген елде білімдерін шыңдап, түрлі маман иесі атанып жүр

География пәнінің мұғалімі Арғын Ержанұлы Қарағанды облысының тумасы. Бірақ қазір Түркістандағы «Білім-инновация» лицейінде ұл балаларға дәріс береді. Он жылдан аса педагог өтілі бар ұстазды білім ұясындағы әрбір оқушы да, әріптестері де құрметтейді. Себебі сабағын ерекше әдіспен өткізіп, шәкірттерінің шыңдалуына сеп болып жүр.

Нұрасыл Нұрлыбек, оқушы:

Арғын аға ешқашан оқушылардың ойына лимит қоймайды. Мысалы «сенің қолыңнан келмейді» деп айтпайды. Сабаққа кірген сәтте барлық тақырыптарды керемет түсіндіреді. Өзінің ойын жеткізуі, оқушылармен жұмыс істеуі керемет.

Арғын Бастами «қазіргі заманда оқушыны сабаққа қызықтыру оңай емес» дейді. Қолында ұялы телефоны бар, кез келген ақпаратты көре алатын оқушыға дұрыс бағыт бағдар беру үшін ұстазға жан-жақтылық керек. Бұл ретте оның оқыту әдіс-тәсілдері де, ақпараты көп және шетелдік тәжірибеге сүйенеді.

Лицейді үздік бітірген шәкірттерінің бірі Ислам Әбдірахманов 42 жоғары оқу орнынан шақырту алып, қазір АҚШ-та оқып жатыр. Ұлағатты ұстаздың осынау жетістіктерін ескерген аймақ басшысы мерекеде ұлағатты ұстазды марапаттап, оған автокөлік сыйлады.

Айта кетейік еліміздегі әрбір жетінші бала білім алатын Түркістан облысында мыңнан аса мектеп бар. 500 мыңнан аса балаға 85 мың педагог сапалы білім, саналы тәрбие беріп келеді.

Айнұр Әбілқасымқызы


Хабарламаларға жазылу