Судьялардың ІХ съезі өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Судьялардың ІХ съезі өтті

04.10.2024

Келер жылдың 1 шілдесінде кассациялық сот өз жұмысын бастайды. «Ондағы кадрлық құрам тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек». Судьялардың ІХ съезінде сөз сөйлеген Президент осылай деді. Мемлекет басшысы өңірден келген судьяларға «әділ сот мемлекеттің тірегі » екенін әрдайым қаперде ұстауға кеңес берді. Сонымен бірге, жиында сот мамандарын іріктеу мен құзыретін күшейтуге қатысты бірқатар бастама берілді.

Айя Мүтәлі, тілші:

Судьялар съезі – сот жүйесіндегі негізгі мәселелерді талқылап, стратегиялық міндеттерді айқындайтын маңызды алаң. Төрт жылда бір рет ұйымдастырылатын басқосу соңғы рет пандемия кезінде онлайн режимде өткен еді.

Тоғызыншы съезге еліміздің түкпір-түкпірінен келген судьялардан бөлек, шетелдік сарапшылар да қатысты. Жиынды бастаған Мемлекет басшысы ең алдымен алқа билерге сот билігі қашанда абыройлы әрі мінсіз болуы тиіс екенін еске салды. Сондай-ақ, кейінгі жылдары жүргізілген кешенді реформаға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде Конституциялық сот құрылды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті Сот әкімшілігіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. 

Кассациялық сот келер жылдың 1 шілдесінде жұмысын бастайды

Десе, сот үкіміне күмән келтіріп, шағымданушылар әлі де бар. Енді аппеляциядан әділдік таппағандар кассациялық сотқа жүгіне алады. Қазір бұл органға мамандар іріктеліп, жаңа сот құрамы жасақталып жатыр. Мұның тағы бір тиімді тұсы - азаматтар мен кәсіпкерлердің құқығын қорғауға мүмкіндік береді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Ал кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды.

Өңірден келген мамандар мұндай бастамалар сотқа деген сенімді күшейтіп, судьяның біліктілігін арттырады деген сенімде.

Еркебұлан Төлешов, Шымкент қаласы сотының судьясы:

Судья іс қарау барысында заңды өрескел бұзатын болса Жоғарғы кассациялық судья оның қай заңды не үшін бұзғанын, қасақана немесе білместіктен бұзғанын анықтап жазу керек. Сонымен қатар, судьяның материалдық, әлеуметтік қамтамасыз етуін жоғарлатады.

 Сот жүйесі жаппай цифрландырылып жатыр

Сот процесіндегі ашықтықты қамтамасыз ету үшін саланы цифрландыруға әрі қарай да ден қоймақ. Бұл - жемқорлықтың алдын алып, сот жүйесіндегі қағазбастылықты азайтпақ.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елімізде арнайы ақпараттық жүйе бар. Судьялар сол арқылы басқа соттардың шешімдерімен таныса алады. Бұл – әділ сот актілерін қабылдауға мүмкіндік беретін ұтымды тәсіл. Соның арқасында ортақ мәлімет қоры қалыптасады. Бұл деректер сот процесіне қатысатын тараптың бәріне қолжетімді болуы керек.

Ұлдана Сүлейменова, Астана қаласы мамандандырылған әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы ауданаралық сотының судьясы:

Қазіргі уақытта 47 пайызға біздің соттың жүктемесі азайып отыр. 15 күнде қаралатын іс қазір 1 күнде шығарылып, бұрын жарты сағат, 1 сағат жазылатын шешімдерге қазір 4-5 минутта қысқаша шешім қабылдануда.

Лейла Зейнашева, Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Ел бойынша барлық сот практикасы жинақталған сандық көмекші бар. Бұл судьяларға халықаралық заңнама нормаларын біркелкі қолдануға мүмкіндік береді. Сот ісін жүргізуді жеңілдетеді.

 Судьялар мен прокурорларға талап күшейді

Сонымен бірге, биыл алғаш рет сот процестері ашық көрсетіле бастады. Млн-даған адам алқа билердің жұмысын тікелей эфирде бақылайды. Бұдан судьялар мен прокурорларға талап күшейді. Ал азаматтардың құқықтық сауаты арта түсті. Президент мұны жақсы үрдіске балады. Себебі жастардың заңгер болуға қызығушылығы артқан. Сонымен бірге, сот мамандарын іріктеу мен олардың құзыретін күшейту - басым міндеттердің бірі. Президент Жоғары сот кеңесі дербес әрі кәсіби судьялар корпусын қалыптастырудың кепілі болуға тиіс екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Сотқа қатысушы тараптар ашық сот алаңында өз ойларын еркін жеткізе алады. Барлық сот отырысында осындай жоғары стандарт болуы керек. Сот мамандарын іріктеу және құзыретін күшейтуге баса мән беру қажет.

Президент сөз соңында судьялардың жаңа Әдеп кодексін қабылдау туралы ұсынысын қолдады. Құжат соттардың тәртібінде жоғары стандарттарды бекітіп, сот жүйесіне қоғамның сенімін нығайта түседі.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу