Елімізде мопед жүргізушілеріне талап күшейді. Енді осы техника түрін тізгіндегендер көлік жүргізушілерімен теңесіп, жүргізуші куәлігін алу қажет әрі тіркеуден өткізуі тиіс. Арнайы заңға Президент қол қойды. Бұл қатаң талаптарды мопед ең көп тіркелген Алматы қаласының тұрғындары қуана қабылдап отыр. Себебі, мегаполисте жыл басынан бері мопедтің қатысуымен болған жол апатынан 700-ден аса жасөспірім зардап шеккен.
Қазір еліміз бойынша мопедтердің саны 80 мыңнан асады. Екі жылдан бері жеткізу қызметінде жүрген Фархат бұл сан әлдеқайда көп болуы мүмкін, - дейді. Дұрыс санақ жүргізіліп, кәмелетке толмаған жүргізушілерді қадағалауды күшейту керек деген пікірде.
Фархат Орзинбаев, мопед жүргізуші:
Сол жақ пен оң жақ және ортадағы полосада жүре аласың. Машина сияқты жүреміз. Солға бұрыла аламыз. Ескі жол ережесінде оң жақтағы жолақ еді.
Жыл басынан бері Алматыда кәмелетке толмағандардың қатысуымен 623 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Олардың 360-ы мопед жүргізгендерге қатысты. Апаттан 700-ге жуық жасөспірім зардап шегіп, бір бала қайтыс болған. Жараланғандардың басым бөлігі мопед пен самокат тізгіндегендер.
Сондай-ақ, мопед жүргізушілері мемлекеттік баж салығын төлеуге міндеттеледі. Оның мөлшері – 1 айлық есептік көрсеткіштің төрттен бір бөлігі. Көлікті тіркеу тетіктері әлі реттеліп жатыр, - дейді жауапты органдар. Ал авто сарапшылар бұл шешім жол қауіпсіздігін нығайтатуға сеп болады деген пікірде.
Эдуард Эдаков, тәуелсіз автомобиль одағының төрағасы:
Бұл дер езінде қабылданған шешім деп ойлаймын. Заң күшіне енсе, мопед пен скутер жүргізушілері жол ережесін біліп, сақтауға үйренеді. Себебі осы техниканы тізгіндегендердің қатысуымен болатын апаттың жиілегені бәрімізді алаңдатады. Ішкі істер министрлігі алдағы уақытта заңның жүзеге асу тетіктерін түсіндіре жатар.
Енді бұдан былай мопед айдағысы келетіндер А1 санатындағы жүргізуші куәлігін алуы керек. Ереже бойынша қозғалтқышының көлемі елу текше сантиметрден аспайтын немесе электр қозғалтқышы бар мопедтер тіркеуден өтеді. Бұл ең жоғары жылдамдығы сағатына елу шақырымнан аспайтындарға да қатысты. Техникасын тіркеуден өткізуге қосымша 6 ай уақыт беріледі.
Қуан Нұрақын