Жамбылда 70 жасында спортқа келген қария тұрады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жамбылда 70 жасында спортқа келген қария тұрады

03.10.2024

Жамбылда 70 жасында спортқа келген қария тұрады. Ақсақалды жасаған жаттығуларына қарап қария кісі дей алмайсыз. Баймұқанбет Жұмаділов кеудені жерден көтеру жаттығуын кез келген затпен, тіпті өткірдің жүзінде, үшкірдің үстінде жасай береді. Күнделікті үш шақырым жүгіруді де әдетке айналдырған. Салауатты өмір салтын ұстанған қарияның жаттығуын тілшіміз көріп келді.

Бесағаш ауылында тұратын Баймұханбет қария 73-ке келсе де жаттығу жасаудан жалықпайды. Кеудені жерден көтеру жаттығуын 70 рет жасап, екі саусағымен 50-ге еш қиналмай жеткізеді. Үш жыл бұрын немересі әлеуметтік желіден шынығу үлгілерін көрсетіп, қайталап беруін сұрайды. Бала көңіліне бола бастап едім, кейін спорт серігіме айналды дейді.

Баймұханбет Жұмаділов, ауыл тұрғыны:

Спорт деген жасқа байланысты емес екен. Түрлі нәрселер істеп жасауға болады. Спорттың арқасында жақсымын, шаршағанды білмеймін көп. 

Ақсақал өндіртіп жаттығу жасауға өткір пышақтың жүзі де кедергі емес дейді. Шеге қолданып шынығуға да шебер. Замандастары зат талғамай жаттығатын қарымына қызығады.

Алдаберді Мақашев, Тараз қаласының тұрғыны:

Бауырымның спортпен айналысқанын көріп, бір риза болып қалдым, өте жақсы, жастарға үлгі, өнеге. Мынау спорт жас талғамайды. Облыстық жарысқа қатысамыз. Соның бәрі денсаулық кепілі.

Иә ақсақалдар республика күніне орай спорттың 8 түрінен өтетін спартакиаданы күтіп жүр. Оған 100-ден аса қария қатыспақ. Осылайша олар олар жамбылдық жастарға үлгі болудан жалықпаймыз дейді.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу