Орманшы 30 жылға жуық «Бурабай» табиғи паркінің орман алқабын қорғап жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Орманшы 30 жылға жуық «Бурабай» табиғи паркінің орман алқабын қорғап жүр

02.10.2024

Қазақстанда жасыл желек аз. Ел аумағының орманды алқабы небәрі 5 пайызға жуықтайды. Сондықтан ел байлығын қызғыштай қору қажет. Бұл орманшылардың басты міндеті. Өмірін осы салаға арнап, ағашты өлкені аялап, молайтуда барын салып жүрген жандар аз емес. Солардың қатарында Айдос Күлболдинов та бар. Қыстың қақаған суығы мен жаздың аптап ыстығында бел жазбай еңбек етіп жүрген азаматпен тілшіміз тілдесіп қайтты. 

Бұл төңіректе Айдос Күлболдиновтың табаны тимеген жер аз. Күндіз-түні орманды жаяу аралайды. Қыстың қытымыр аязы мен жаздың аптап ыстығын да елемейді, еті үйренген. 

Айдос Күлболдинов, орманшы:

 Бір жыл орманшы болғаннан кейін, бір жыл жұмыс істегеннен кейін ақырын-ақырын үйреніп, сосын басқа жұмысқа барғың да келмей қалады. Орман ол кісіні тарта береді. Ағашымен, аңдарымен, құстарымен. Көргеннен кейін қызығып, бұдан басқа жұмыс жоқ сияқты болып кетеді.

Кәсіби орманшының жұмысы қауырт. Күн суыса, жануарларға азық дайындайды. Орманның әр шетінде орналасқан науаларға қиыршық тұз әкеледі. Пішен жинап, сыпыртқы буады. Өзімен бірге балаларын, немерелерін де алып жүруді әдетке айналдырған. Оларға жануарларға қамқор болуды, ел байлығын қызғыштай қорып, табиғатпен тілдесуді үйретеді.

Ақмарал Дүйсембаева, қызы:

Бос уақытымызда әкеммен бірге орманға барып, бұта жинаймыз. Әкеммен жұмысқа барамыз. Мен әкеме әрдайым көмектесемін. Көптеген жануарларды көреміз. Біз оларды тамақтандырамыз.

Қазір «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркіндегі орман алқабын қорғаумен 250-ге тарта орманшы айналысады. Олар жылдар бойы тынымсыз еңбек етіп, жасыл желекті сақтап, молайтуға барын салып жүр.

Айбек Әубәкіров, орманшы:

Маған осы жұмыс ұнайды. Табиғатты қорғаймыз. Жануарларға қамқорлық көрсетеміз. Мұнда орманның іші неше түрлі болады ғой. Аяқ баспайтын жерлер де болады.

Айдос Күлболдиновтың бұл салада еңбек еткеніне 30 жылға жуықтады. Осы уақыт аралығында білген түйгені аз емес. Кәсіби орманшы адамзат баласының баға жетпес байлығын қорғап, аялау қажеттігін балалары мен немерелеріне де әрдайым айтып отырады.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу