Қызылордада referendum.orda.gov.kz сайты іске қосылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қызылордада referendum.orda.gov.kz сайты іске қосылды

02.10.2024

Қызылорда облысында референдум туралы толық мағлұмат беретін сайт іске қосылды. Бүгінде бұл интернет платформаның көмегіне 5 мыңнан аса тұрғын жүгінген.

Яғни, кез келген адам Referendum.orda.gov.kz сайтына кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірі арқылы өзінің дауыс беру учаскесін, оның мекен-жайын біле алады. Сондай-ақ, 109 Call-орталығының мамандары да референдум бойынша қажетті мағлұмат беруде. Ал мүлдем ешқандай учаскеде тіркелмеген тұлғалар аталған сайтта көрсетілген 5 референдум учаскесіне онлайн тіркеліп, дауыс беруіне болады.

Сәбит Ибадулла, облыс әкімдігінің цифрлық технологиялар бөлімінің басшысы:

Адамдарға қай платформада жұмыс жасау ыңғайлы соған сәйкес мобильді қосымша, телеграм-бот, сайтқа кіру арқылы өздерінің ақпаратын референдумға қатысты учаскесін табуға мүмкіндігі ыңғайлы.

Жалпы референдум күні облыс бойынша 380 дауыс беру учаскесі жұмыс істейді. Аймақта барлығы 492 380 адам өз таңдауын жасау құқығына ие. Қазіргі таңда барлық референдум учаскелері материалдық-техникалық жағынан жабдықталып, маңызды науқанға дайын тұр. Ертеңнен бастап учаскелерге бюллетендер жеткізіледі. Ал байқаушы ретінде дауыс беру процесін 25 қоғамдық ұйымның өкілдері қадағалайды. Және шет елден келген байқаушылар да болады.

Абай Тағыберген, Қызылорда облысының аумақтық референдум комиссиясының мүшесі:

Қазіргі таңда 2652 референдум комиссиясы мүшесі қызмет атқарады. Жаңадан келген комиссия мүшелері арнайы оқудан өткен. Жалпы енді мүгедектігі бар азаматтар үшін облыс бойынша 45 инватакси қызметі жұмылдырылады. Оның 16-сы Қызылорда қаласында, қалғаны аудандарда орналасқан. Қажеттілікке байланысты 48 сурдоаударма яғни, ымдау тілінің мамандары да сол дауыс беру күні қызмет жасайтын болады.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу