Бүгін – халықаралық қарттар күні. Мерекеге орай, алматылықтар егде жастағы жандарға ерекше сый-құрмет көрсетті.
Айымторы Тайғаринова – кәсіби актриса. Өнер иесі кезінде театр сахнасында талай қойылымда басты рөлді сомдаған. 90-ға таяған кейуана соңғы 10 жылдан бері қарттар үйінде тұрып жатыр. Айтуынша, бұл айтулы күнді ерекше ықыласпен күтеді.
Айымторы Тайғаринова, қарттар үйінің тұрғыны:
Бір жылға қартайдық па деп ойлаймыз. Мен ризамын. Қарттар күні деп қарттарды ерекше бағалап, біз үшін концерт. Балалар келіп, подарка жасап. Не керек, сондай ерекше күн болады.
Бүгін – «Шаңырақ» әлеуметтік орталығында ерекше мейрам. Осында тұратын 300-ден астам қария концерт залына жиналды. Оларға арнап эстрада жұлдыздары әннен шашу шашып, оқушылар би биледі.
Орталықтағы жандардың тағдыры әрқилы. Бірі мәпелеп өсірген 10 баласының құшағына сыймаса, енді бірі мүлдем құрсақ көтермепті. Олар Қарттар үйіндегі қызметкерлерді өзінің ұл-қызындай көреді.
Күлбаран Шәкенова, қарттар үйінің тұрғыны:
Қазақ айтады екен ғой, «Құрсағыма бермесе де, құшағыма берген», - деп. Сол айтпақшы құрсағыма бермесе де, құшағыма берген қыздарым бар. Ұлдарым бар. Бәрі апалап келіп тұрады.
Орталықта отбасының орнын баса алмаса да, қариялар үшін барлық жағдай жасалған.
Мырзабек Қазыханов, «Шаңырақ» әлеуметтік қолдау орталығы директорының орынбасары:
Территориямыз жалпы 3 гектар. 19 мың шаршы метр. Ата-апаларымызға еңбекке баулу, ән, күй үйірмелері бар. Хор бар ата-апаларымыздың. 4 мезгіл тамағы бар. Киіммен, дәрі-дәрмекпен бәрімен қамтамасыз етіледі. Түгелдей мемлекеттің қарауында.
Осылайша мерекелік шарада баладай мәз болған қариялар қауымы бір серпіліп қалды. Ардагерін ардақтап, қариясын қадірлеген жастарға алғысын білдіріп, ақ батасын берді.
Қуан Нұрақын