Шымкенттегі Қосалқы станцияның құрылысы 3 жылдан бері бітер емес - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкенттегі Қосалқы станцияның құрылысы 3 жылдан бері бітер емес

30.09.2024

Шымкентте «Ақжар» қосалқы станциясының құрылысы 3 жылдан бері аяқталмай келе жатыр. Соның кесірінен іргедегі шағын аудандардың 50 мың тұрғыны әлі күнге жарыққа жарымай отыр. 

Құрсай шағын ауданында электр энергиясы бар деген жәй сөз ғана. Қуат болғанымен жарығы тым әлсіз. Кеш батысымен майшамнан айырмасы жоқ сығырайған электр лампасына жұрттың телміріп отырғаны.

Сұлтанғали Ұлтарақов, қала тұрғыны:

Жарыққа зәруміз. Кешке бала-шағымызды көрмей қаламыз. Бір бөлме жанса, екінші бөлме жанбай қалады.

2019 жылы шағын аудан іргесінен қосалқы станцияның құрылысы басталғанда осындағы жұрт алақайлап қуанған еді. Қазір үміттері азайып, сенім де жоғалды. 6,5 миллиард теңгеге соғылуы тиіс нысанның жұмысы кедергіге тап келді. Желі өтетін жер жекенің меншігінде болғандықтан 2 жыл соттасуға кетті. Сөйтіп жүргенде ұзындығы 15 шақырым сымның жартысы ұрланып, қолды болды.

Жасұлан Раушанбек, учаске бастығы:

Ұрланған кабельге тапсырыс беріп қойдық. Ресейден келуі керек. Ал подстанцияның өзіне келетін болсақ, барлық электр құрылғылары орналасқан. Жұмыстары жасалып қойған.

Қосалқы станцияға қуат көзі іргедегі «Забадам» шағын ауданынан тартылуы керек. Әкімдіктің араласуымен жер дауы жуырда ғана шешілді.

Манас Тынышбек, қалалық энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының бас маманы:

Сол 4 учаскенің бір учаскесі меншік иесі біз ұсынған сомаға келіспегендіктен сотпен ұстама жасалды. Содан соң ғана кабельді жүргізу басталды.

Жоспарланған мерзімнен 3 жылға кешіккен станция құрылысы биыл жыл соңында аяқталмақ. Жұмыс тағы да кедергіге тап келмесе 50 мың абонент пен екі ірі кәсіпорын және осы аумақтағы бизнес құрылымдары сапалы электр қуатымен қамтылады.


Ғани Қалмахан


Хабарламаларға жазылу