Ақтөбеде гараж кооперативі бұзылып, орына жол мен көп қабатты үйлер салынбақ
Ақтөбеде гараж кооперативі бұзылып, орына жол мен көп қабатты үйлер салынбақ. Алайда тұрғындар оған қарсы. Қазірдің өзінде 20-дан аса нысан бұзылып, ол жерге жеке компаниялардың бірі үй салып тастаған. Жүздеген гараждың иелері жылжымайтын мүлкімізді ешқандай ақшаға айырбастамаймыз деп отыр.
Бұл жерде 1500-ге жуық гараж бар. Ат шаптырым аумақ әкімдік пен инвесторлардың көз құртына айналып отыр. Бірі мына нысандарды бұзып, орнына үй саламын десе, екіншісі қала мен жаңа ауданды қосатын жол салуға ниетті.
Ерік Бітімбаев бұл гаражды 30 жыл бұрын сатып алған. Содан бері тұрақты түрде қолданып келеді. Жертөлесіне жаз бойы өсірген көкөністері мен басқа да азық-түліктерін сақтайды. Зейнеткер көлікжайын жекешелендіріп алған. Бұған дейін осы аумаққа үй салмақ болған инвесторлардың бірі 400 мың теңге ұсыныпты.
Ерік Бітімбаев, зейнеткер:
Мен ол 400 мыңға басқа жақтан гараж сатып ала алмаймын. Басқа бір жерден гараж сала алмаймын. Сатқым келмейді.
Бұл кооператив жаңадан бой көтерген «Алтын орда» ауданы мен қала орталығының екі ортасында орналасқан. Сондықтан қызығушылар көп. Қазірдің өзінде аумаққа бірнеше көп қабатты үй салынған. Ал әкімдік 60 гаражды бұзып, орнына екі ауданды жалғайтын жол салуды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде 60 адамға ескерту қағазы келген.
Ұлдай Елжанова, қала тұрғыны:
Орнына ештеңе береміз деп айтып жатқан жоқ. Жиырма жыл болды осы гаражды пайдаланып жүргеніме. Енді қайда қоятынымды білмеймін. Менің гаражым жолға тап болады деп жатыр. Жол салу керек, сондықтан алып тастаймыз дейді.
Әкімдік өкілдерінің айтуынша, қаланың бас жоспарына сәйкес жол салынатыны рас. Ол басты көшелердің біріндегі көлік ағынын азайтуға мүмкіндік береді. Ал көп қабатты үй салу мәселесін тұрғындар мен инвесторлар өзара келісіп шешеді.
Жанбек Қабылов, қалалық жер қатынастары бөлімінің басшысы:
Бағалау актісі жасалуда. Орташа миллион жарымға шығады деп есептеп отыр. Бірақ нақты бағаларын ұсынған жоқ бізге. Қазір құжаттар жасалуда.
Тұрғындар әкімдік шешімімен келіспеген жағдайда сотқа жүгіне алады. Дегенмен, олар ақыр соңында жылжымайтын мүлкімізден мәжбүрлі түрде айырылып қаламыз ба деп қауіптенеді.
Жақсыбек Кемал
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
