Жамбылдық шаруа картоп алуда рекорд орнатып, гектарынан 50 тоннаға жететін өнім жинап жатыр. 61 жастағы диқан картоп дақылының 4 түрлі тұқымын еккен. Ал ұрығын Нидерландыдан әкеліп жерсіндірген. Шаруа мол өнім алу үшін ғылыми тұрғыда ізденіп, профессорлармен жұмыс істеп келеді.
Керімқұл Бегалиев 25 жылдан бері картоп егуді кәсіп қылып келеді. Бүгінде Жуалы жеріндегі алқабын 70 гектарға жеткізген. Ал Нидерланды елінен картоптың 4 түрлі тұқымын әкеліпті. Артемис, латона, пегассо және коломба сұрыпынан 20 тонна ұрық еккен. Элиталы сорт жерсініп, тұқым түйнектері қаздың жұмыртқасындай ірі шыққан.
Керімқұл Бегалиев, шаруа:
Орта өнімділік бізде 300 ц мен 350 ц-ге дейін. Ең көп алғанымыз былтыр 440 центнерден алдық. Бұл дегеніміз әр гектарына 44 тоннадан деген сөз. Биыл енді сол межеге жетеміз бе деп отырмыз. Алматыдан профессорлар да келіп қарайды. Солар енді бір 50-ден береді деген жобасы бар.
Шаруа 15 адамды тұрақты жұмысқа алған. Қазір жиын-терім қызғандықтан алқап басында 100-ге жуық адам жүр. Олар картоптың ірісін қыста сату үшін қоймаға жинап, ұсағын тұқымдық үшін тереді.
Шолпан Салиқызы, Б.Момышұлы ауылының тұрғыны:
Қазір қарамағымда 35-40 адам жұмыс жасап жүр. Күндігі - 5 мың. Әйелдердің барлығына күнделікті ыстық тамағын беріп жатыр. Бүгінгі жағдайда мына 6 гектардың күндігі 2 гектардан бітіріп жатыр. Енді жұмыссыз жүрген әйелдерге өте ыңғайлы жұмыс.
Диханның алдағы жоспары да ауқымды. Картоп өңдейтін кәсіпорын ашуды көздеп отыр. Сөйтіп өзі өсірген өнімнен картоп крахмалы, фри мен чипс шығармақ. Жобасын жүзеге асыру үшін жер керек.
Ержан Серкебаев, Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:
Енді аудан орталығынан жерді конкурс арқылы береді. Бұл кісілер енді Қытайға барып қайтты. Ол жақта құрылғыларды қанша жерге қоятыны, қалай қоятыны. Әзірге келісімшарқа отырған жоқ. Бірақ келісімшартың негізінде жердің қажеттілігін қойып береміз.
Жалпы құны 500 млн теңге болатын зауыт ашылса аудандағы 60 адам жұмыспен қамтылмақ. Айта кетейік, аймақта биыл 7 мың гектарға картоп егіліп, 130 мың тонна өнім жинау жоспарда.
Данияр Әлімқұл