Ұлытауда мұғалімдер арасында спартакиада өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлытауда мұғалімдер арасында спартакиада өтті

30.09.2024

Ұлытау облысында білім саласы қызметкерлері арасында өткен спартакиада мәресіне жетті. Сайыста командалар спорттың 6 түрінен сынға түсті. Жарысқа қатысқан ұстаздар қауымының арасында осалы жоқ.

Спартакиадаға Сәтпаев, Жезқазған,Қаражал қаласы мен Ұлытау, Жаңаарқа ауданынан келген білім саласының қызметкерлері қатысты. Ұстаздар қауымынан жасақталған 6 команда волейбол, шахмат пен тоғызқұмалақ, асық ату, үстел теннисі, бес асық ойын түрлерінен сынға түсті. Жарысқа тәжірибелі төрешілер қазылық етті.

Марат Қоңырбаев, Ұлытау облыстық білім, ғылым және бюджет қызметкерлері кәсіподағының төрағасы:

Ұлытау облысының білім басқармасы мен Ұлытау облыстық білім, ғылым және бюджеттік қызметкерлері кәсіподағы бірлесіп атқарған жұмыс. Біздің ұстаздарымыз сапалы білім және саналы тәрбие берумен қатар, дене шынықтыру – салауатты өмір салтының негізі екенін іспен дәлелдеп отырған асыл ұстаздарымыз спартакиада да бас қосып отыр. Спартакидамызға барлық аудан, қалалардан мұғалімдер келіп отыр.

Ералиев ауылынан келген Жаннұр Аманжолова бұл жолы да қарсыластар арасында қара үзуден үмітті. Тоғызқұмалақ ойнап жүргеніне бес жыл болыпты. Жас мұғалімнің жеткен жетістігі де аз емес. Облыстық, аудандық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Жаннұр Аманжолова, спартакиадаға қатысушы:

Тоғызқұмалақ жарысы өте тартысты болып жатыр. Бірінші турды жеңіспен аяқтадым. Енді алда үш кезең бар. Мұғалімдер білімді ғана емес, сонымен қатар олар спорттық ойындарға да белсенді қатысып жатыр. Бұл тоғызқұмалақ ой ұшқырлығы мен логиканы талап етеді.

Бәсі биік спартакиада Жезқазған қаласының 70 жылдығы мен мұғалімдердің кәсіби мерекесіне орай ұйымдастырылып, 120 педагог сынға түсті. Әсіресе ұстаздар волейболдан тартысты ойын өрнегін көрсетті. Дүбірлі додада оқ бойы озық шыққан жеңімпаздар мен ерекше көзге түскендерге естелік кубоктар мен қаржылай сыйақылар табысталды.

Жандос Бақытұлы


Хабарламаларға жазылу