Атырауда полиэфирлі геосинтетикалық материал шығаратын өндіріс іске қосылды. Өңірде баламасы жоқ кәсіпорын жылына 15 млн шаршы метр өнім өндіруге қауқарлы. Бұл бастама құрылысшыларды жергілікті тауармен қамтуға мүмкіндік береді. Әрі отандық өнімнің ішкі айналымдағы үлесін арттырады.
Бұл зауыт атыраулық Азаматтың ғылыми жобасының жемісі. Жоғарғы оқу орнында қорғаған дипломдық жұмысындағы бизнес жоспары, бірегей кәсіпорынның құрылуына сеп болған. 2 жыл бойы нарықты терең зерттеген ол алғашында материалдарды сырттан әкелген. Кейін сұраныс бар екеніне көз жеткізіп, жаңа зауыттың қабырғасын қалады.
Азамат Асылбеков, «Интаго Қазақстан» ЖШС бас директоры:
Біздер келесі жылға осы жобаның тағы да екінші, үшінші, төртінші кезеңдерін бастағымыз келеді. Геосинтетикалық кластер жасағымыз келеді. Атырау облысында, Қазақстанда, ТМД-да теңдесі жоқ үлкен геосинтетикалық кластер болады.
Жоба құны 1,4 млрд теңге. Оның жартысы жеңіл өнеркәсіпті қолдау бағдарламасы аясында Өнеркәсіпті дамыту қорынан алынды. Полиэфирлі геосинтетикалық материалды алу үшін бірінші пластикті үгітеді. Кейін арнайы құрылғыға салып жұқа талшық алынады. Инелі қондырғының көмегімен алынған жұқа талшық бір-біріне желімделеді. Бірақ мата сияқты тоқылмайды. Дайын материал суға төзімді. Әр түрлі салада қолдануға болады.
Азат Абайдильдин, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары:
Біздің қор арқылы осы зауытқа қажетті шикізат шығаратын кәсіпорынды да қаржыландыру қаралып жатыр. Жуық арада шешім қабылданады. Ал аталған зауыт барлық экспертизадан өтіп тұр. Алдағы жұмыстарына сәттілік тілеймін.
Өнімге сұраныс жоғары. Салтанатты ашылуда Ресейден келген серіктеспен меморандумға қол қойылды. Кәсіпорынға жергілікті кадрлар тартылады. Осы орайда кәсіби мамандар даярлайтын жергілікті политехникалық колледжбен де келісім орнады.
Михаил Комаров, кәсіпкер:
Алдағы 4 айға шығарылатын 3 млн шаршы метр тауар толығымен сатып алынып қойды. Бағасы да қолжетімді. Өнімді әр түрлі салада қолданса болады. Жол құрылысына, темір жол, ғимарат негіздеріне және дренаждық жүйелерде және т.б.
Компания өнімнің 40%-ын экспорттауды жоспарлап отыр. Келесі жылы қосымша 4 млрд теңге инвестиция тартып, тағы 3 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл 160 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.
Нұрсұлтан Нұрсейіт