Әлем қолөнершілері Әулиеатада жиналды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлем қолөнершілері Әулиеатада жиналды

27.09.2024

Бүгін әлем қолөнершілері Әулиеата жерінде бас қосты. Өйткені Тараз еліміз бойынша қолөнерші қала атанған жалғыз шаһар. Екі жыл бұрын осы мәртебеге ие болған қалада үшінші халықаралық қолөнершілер көрмесі өтті. Енді Алматы қаласы да дүниежүзілік қолөнер орталығына айналуы мүмкін.

Жамбылға жиі келіп жекжат болдық деген шетелдіктер үшінші рет өтіп жатқан «Тараз – қолөнершілер қаласы» атты халықаралық көрмеге қатысты. 13 мемлекеттен 200-ге тарта қонақ келді. Тіпті мұхит асып, Америка, Аустралия, Жаңа Зеландия және Тайланд тұрғындары да келген.

Ситзичай Сманчат, Тайланд азаматы:

Көрме жоғары деңгейде өтіп жатыр. Қазақстан мен Тайландтың жаз бен қысы бөлек болғанымен дәстүрлері ұқсас екен. Қонақжайлықтан бастап киім тігу мен мата таңдауда талғам жоғары. Сондай-ақ біздің ұлттық бас киіміміз «Чада» мен қазақтың тақиясы қатты ұқсайды. Сол үшін сатып алдым.

Көрмеде «Қолөнершілер қалашығының» қасынан 10 киіз үй тігілді. Онда еліміздің бірнеше өңірінен келген шеберлер өнімдерін саудалап, тегін шеберлік сағаттарын өтіп жатыр.

Әбілхайыр Тамабек, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары:

Біз шынымен қолөнершілер қаласына лайықпыз ба, жоқпыз ба? Соны шетелдік комиссия келіп аккредитациядан өткізеді. Құдай қаласа, ертең соның қорытындысы шығады. Біз ойлаймыз, Тараз қаласы өзінің қолөнершілер қаласы статусын қорғап қалады деп. Нық сенімдімін.

Қолөнершілер қаласы тізіміне әлемнің 25 елінен 65 қала енген. Тараз туристік әлеуеті мен қолөнері дамыған қала ретінде 56-шы болып қосылды. Бұл мәртебе туристік имидж қалыптастыруға да сеп болмақ.

Әзиз Мұртазаев, Азия – Тынық мұқиты аймағы қолөнершілері дүниежүзілік кеңесінің президенті:

Тараз қолөнершілер қаласы атанғаннан кейін өзге қалалар да осындай атау алуға ұмтылып жатқаны қуантады. Біз тамыз айында Алматыға барып, қолөнерші қала атануға мүмкіндігі бар ма, жоқ па көріп келдік. Нәтижесі алдағы бір айда белгілі болады. Сондай-ақ бұл мәртебені алуға Түркістан мен Шымкент қаласы да қызығушылық танытуда.

Ал кешкісін көрме соңы сән көрсетілімі мен гала концертке ұласпақ. Үш күнге жалғасатын шарада туристер тарихи орындарды да аралайды.

Данияр Әлімқұл


Хабарламаларға жазылу