Ұлттық арнаның жарқын жобалары таныстырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның жарқын жобалары таныстырылды

27.09.2024

28 жаңа бағдарлама. 150 бөлімнен тұратын 11 жаңа телехикая мен деректі фильмдер. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы күзгі жаңа маусымда көрерменге осындай телеөнім ұсынады. Жобалардың тұсаукесері өтті. 

Ұлттық құндылықты ту еткен ұлттық арнаның жаңа маусымдағы жаңа жобасының бірі – «Жақсылық жаса» хабары. Бағдарламада жақсылық жасауды өмірлік қағидасына айналдырған қарапайым жандар дәріптеледі. Көрем десеңіз, жұма күні 21:25-те Ұлттық арнаны қосыңыз.

Серік Негимов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері:

Ұлттық арнамыз шын мәнісінде, заман талабына жауап беретін, болашағы кемел, өсу үстінде. Кәдімгі тайбурылдың шабысындай.

Телевизиялық тревел-шоу форматындағы «Атамекен» атты жаңа жоба да эфирге шықты. Түсірілім тобы жаз бойы елдімекендер мен өндіріс ошақтарын аралады. Жоба арқылы өңірлердің ерекшеліктері мен еңбек адамдарының бейнесі және аймақтардың тыныс-тіршілігі көрсетіліп жатыр.

«Қазақстан» телерадиокорпорациясы тамырлы тарихымызды телехикаялар арқылы түгендеп келеді.

Ләззат Танысбай, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрайымы:

Телевизиялық маусымда, күзде «ҚАЗАҚСТАН» телерадиокорпорациясы өзінің негізгі арналарында, «Қазақстан», «Абай», «Балапан» және «Қазспорт» телеарнасында жалпы алғанда 28 жаңа жоба таныстырып жатырмыз. Олардың әрине бағыты да әртүрлі. Әртүрлі форматта жасалып жатыр. Өзімізге ерекше ыстық екі жобаны атап өткім келеді. Біріншісі «Жақсылық жаса» деп аталады. Бұл біз үшін маңызды жоба. Себебі қазіргі қоғамда осындай тақырыптарға сұраныс өте көп сияқты болып көрінеді. Біздің ұлтқа тән, бір бірімізге мейірімді болу, қамқор болу, көбірек таратқымыз келеді. Екінші, біздің алғашқы ұстаздарымызды Назипа Ақылжанова болсын, Ғанижамал Дулатова болсын, біздің алғашқы дәрігерлеріміз Аққағаз Досжанова, Гүлсім Асфандиярова болсын, олардың керемет үлгілі тағдырларын, көпшілікке танытқымыз келеді. Әзірше бұл деректі фильмдердің циклі. Келер жылы бұл тақырыпты үлкен тарихи хикаяларға айналдырамыз деген жоспарымыз бар.

Үнзила Шапақ, Мәжіліс депутаты:

Қай қазақтың жүрегі қазақ деп соғып тұр, солардың көретін бағдарламасы, көретін теледидары ол Ұлттық арна. Сондықтан Ұлттық арнаның жаңа бағдарламаларын күтеміз.

Корпорация құрамындағы «Abai» телеарнасының бұл маусымда классикалық музыка мен театрдағы әлемдік деңгейдегі төл туындыларды терең талдайтын жобалары бар.

Еркін Мұхамеджанов, «Abai» телеарнасының директоры:

Біздің негізгі бағытымыз, қоғамның санасына, қоғамның танымына әсер ету. Ағартушылық бағыт деп айтуға болады. Жаңа маусымда Арнау және ойын түрінде жалғасатын «Оймерген», «Менің кітапханам» сынды бірнеше жобаны ұсынып отырмыз.

«Balapan»-ның да балапандарға деген базарлығы көп. Жаңа маусымда 20-ға жуық жаңа жоба мен мультхикаялар ұсынады.

Интернеттегі жұмыста бір сәт саябырсыған емес. Қазақстан Ұлттық телеарнасы, Абай, Балапан, Қазспорт телеарналарымен қазақ радиоларының ЮТУБ, түрлі әлеуметтік желілердегі аудиториясы 12,5 млнға жеткен. Қазақстан телерадиокорпациясының өнімін түрлі әлеуметтік желілер арқылы көретін аудиторияның көрсеткіші міне осындай.

«Жұлдызды жұп» жақында ғана басталса да көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Дәстүрлі аға буын мен заманауи ән өнерінің өкілдері өзара сынға түседі. Жұлдызды жұпты көрем десеңіз, сенбі күні сағат 20:00-де Қазақстан арнасын қосыңыз.

Самал Қабышева, тілші:

«Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа маусымда ұсынған жобалар реті осындай. Ал төккен тердің төрешісі, төресі де, талқы-таразысы да – өзің, қымбатты көрермен!


Хабарламаларға жазылу