Станбұл қаласында түркияның жоғары оқу орындары басшыларының қатысуымен өткен жиында қазақстандық студенттерге сапалы білім беру жайы талқыланды. Президент жолдауында білімді, әрі бірнеше тілді қатар меңгерген жастар еліміздің болашағы екені айтылған еді. Шетелде білім алып жатқан жастардың осы талаптарға сай болуы маңызды. Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Еркебұлан Сәпиев жиынға қатысушыларға Жолдаудың негізгі бағыттарын таныстырып, білім беру және әлеуметтік-экономикалық саладағы реформалардың нәтижелерін атап өтті. Басқосуда екі елдің білім беру саласындағы ынтымағын одан әрі дамыту тетіктері де талқыланды.
Яшар Хажисалихоғлы, «Йени юз йыл» университетінің ректоры:
Қазақстан мен Түркия арасындағы бауырластығымызды одан әрі тереңдету үшін білім берудің маңызы зор. Түркі мемлекеттерінің бірлігі арқылы біз нығая түсеміз. Бізде білім алып жатқан қазақ балалары осы мақсатты жүзеге асыратын жаңа толқын болады, деп сенемін.
Есра Хатипоғлы, «Бахчешехир» университетінің ректоры:
Түркия мен Қазақстанның байланысының мығым болуы әрдайым маңызды. Осы байланысты одан әрі нығайтатын біздің жастар. Осында білім алып жүрген қазақ студенттері бізге аманат етіп берілді деп түсінеміз. Өте ақылды, білімді жастар. Болашақта екі ел үшін де пайдалы, мықты маман болып шығады деп сенеміз.
Айдос Әшімұлы