Шымкентте жылына 13 миллион текше метрге жуық керамика тақтайшаларын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Бұл жергілікті биліктің шетел инвесторларына қолайлы жағдай жасауының арқасында жүзеге асып отырған ірі жоба. Соның арқасында 350 жаңа жұмыс орны ашылып отыр.
Өндіріс орны 15 гектар жерді алып жатыр. Оның құрылысы былтыр көктемде басталған болатын. Қытай инвесторлары оған 25,5 миллиард теңге қаржы жұмсады. Зауыт еуропалық қондырғылармен жабдықталған. Өндіріске әлемдегі озық технология ендірілген.
Біржан Әзімбердиев, қалалық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы:
Жоба жылына 12,7 миллион шаршы метрге керамика өнімін шығарады. Барлық шикізат Қазақстаннан алынады. Жоба экспортқа бағдарланған. Экспортқа шығарылады.
Мегаполисте тұрғын үйлердің көптеп салынуына байланысты соңғы жылдары құрылыс материалдарына сұраныс артып келеді. Осыны ескере отырып, шетелдік инвесторлар келер жылы зауыттың екінші кезеңін іске қоспақ. Ол толық аяқталғанда тағы 350 адам жұмысқа орналасады.
Ғабит Сыздықбеков, қала әкімі:
Бұл өндірістен бөлек тағы да жақын арада Қытай тарапының инвесторларымен қоқыс өңдеу зауыты ашылатын болады. Басқа да елдерден инвесторлар келіп отыр.
«Жұлдыз» индустриалды аймағында жыл соңына дейін тағы екі өндіріс орны іске қосылады.Оның бірі темір бетон бұйымдарын әзірлесе, екіншісі есік-терезе жасау үшін пластикалық профильдер шығарады.
Ғани Қалмахан