Соңғы бір жыл ішінде бюджет қаражатын жымқыру фактілерінен мемлекетке 333 млн АҚШ доллары көлемінде шығын келген.
Бұл деректі Қаржылық мониторинг агенттігі келтіріп отыр. Қазір қаралып жатқан істердің үштен бір бөлігі мемлекет қазынасына қол сұққандарға қатысты дейді агенттік. Қылмыстық істердің 42% аяқталып, 129 іс сотқа жолданған. Оған қоса Кеден аумағындағы қылмыстарға да тосқауыл қойылып, 16 млн доллардың контрабандалық тауары тәркіленген. Тексерістер нәтижесінде қауіпті әрі заңсыз ақпарат таратқан 14 мың сілтеме бұғатталған. Әлеуметтік желілердегі 380 мың аудиториясы бар жүзден астам чат пен аккаунт жабылды.
Бүгін Алматыда ТМД елдерінің Салықтық тергеу органдары басшыларының жиынында қазақстандық мамандар экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тиімді тәсілдерімен бөлісті. Агенттік азаматтардың интернет алаяқтық құрбанына айналмас үшін заңсыз онлайн ойындарды қатаң қадағаламақ. Осы бағытта «Мета» компаниясымен келіссөздер жүргізу басталған.
Әлібек Әбілов, ҚР Қаржылық мониторинг Агенттігінің ресми өкілі:
Біз Тикток әлеуметтік желісінің әкімшілігімен келісіп, жасанды интеллектіні қолдана отырып, бұндай ойындар, эфирлер бұғатталады. Біздің келесі қадамымыз «Метамен» келісіп жатырмыз. Соларда да ойындар бар, бұғаттау үшін жұмыстар жасалуда.
Жазира Оразқызы