Жамбыл облысының диқандары ауыл шаруашылығына арналған жаңа техникаларға қол жеткізе алмай жүр. Ал, шаруалар қиналып отырғанда аудан әкімдері техникамыз түгел деп жалған есеп берген. Жергілікті атқамінерлер санда бар, санатта жоқ 4 мың техниканы қағаз жүзінде «қолданып келіпті».
Жамбылда картоп жинау басталғалы егіс басында еңкейіп жүрген адам көп. Өйткені өңір шаруалары әлі күнге өнім жинайтын комбайн көрмеген. Ал заманауи техникасын түгендеуге ниет болғанымен, құны екі есе қымбат.
Данияр Әлімқұл, тілші:
Алқап басындағы ағайын ақтүйнек өнімін осылай қолмен жинап әуре. Шаруалар жаңа техникаға жете алмағандықтан жер жырту науқанынан бастап, өнім жинау маусымы да өз уақытынан ұзаққа созылатынын айтады.
Биыл 70 гектарға картоп еккен Керімқұл Бегалиев өнімді кеш жинады. Өйткені теретін техникасы жоқ. Ал жаңбыр жауған сайын терімшілердің жұмысы тоқтайды. Қолжетімді бағада жаңа техника алсақ, өнімді қолмен жинап, машақат көрмес едік, - дейді шаруа.
Керімқұл Бегалиев, қожалық жетекшісі:
Өте қымбат. Кемі 90-100 млн теңге. Оны біз ала алмаймыз. «ҚазАгроҚаржы» арқылы алатын болсақ оны бағасы қайтадан соншама бағаға өсіп кетеді. 7 жылдың ішінде біз оны төлей алмаймыз. Төлегеннің өзінде де жыл сайын түскен пайданы үстемақысына төлеп отырамыз.
Ал агро салаға жауаптылар техника тасымалдаушылардың қулығына құрық бойламайды дейді. Мемлекеттен шаруаларға көмекқаржы бөліне қалса компаниялар бағаны көтеріп жібереді екен. Ал аудан әкімдері жоқ техниканы қолданыста бар деп келген. Соңғы үш жылда облыс әкіміне жіберетін есепке қағаз жүзінде қоса берген. Тексере келе 3 мыңнан аса шаруаға тіркелген 4 мың техника ізім-қайым жоқ болып шыққан.
Әбдірасыл Желеубаев, Облыстық ауыл шаруашылығы басқарма басшысының орынбасары:
9 600 техниканың 4 мың техникасы мүлде жоқ. Аты бар, заты жоқ. Иесі жоқ, не техниканың өзі жоқ. Фермерлер де жанайқайын жеткізді. Субсидияны естіп біздің техника жеткізушілер 30-40 пайызға дейін шарықтатып жіберген кездер де болған. Қазір тиісті мүдделі органдарға техниканың бағасын тұрақтандыру, бағасын тиісті деңгейде ұстап тұру туралы тапсырма берілді.
Жыл сайын елімізде ауыл шаруашылық техникаларының 5 пайыздан астамы жаңарып отыруы керек. Тізімде жоқ техниканың есебін еселеп көрсеткені үшін жамбылдық шенділер сөгіс алды. Ал, 7 мың гектар жерге картоп еккен шаруалар қолда бар техникамен 130 мың тонна өнім алып, өңір сұранысының 70 пайызын жабуы тиіс.
Данияр Әлімқұл