Түркістан облысына ай сайын қосымша 1240 тонна автогаз жеткізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысына ай сайын қосымша 1240 тонна автогаз жеткізіледі

25.09.2024

Түркістанда автогаз тапшы. Жүргізушілер күз келгелі көліктеріне газ құя алмай, сергелдеңге түскен. Автобекеттерде ұзын-сонар кезек. Мәселені шешу үшін аймаққа қосымша автогаз жеткізіліп жатыр.

Жүргізушілер күнде осылай кезекке тұрып, сағаттап күтуге мәжбүр. Себебі, қаладағы бекеттердің бәрінде автогаз тапшы. Бірі шектеу қойса, енді бірі мүлдем сатпайды.

Тапшылықтың кесірінен аудан-қалаларда газ бағасы қымбаттаған. Мәселен, бекеттегілер газды 70 теңгеден сату керек болса, кентаулықтар 77 теңгеге, ал отырарлықтар 94 теңгеге өсіріп жіберген.

Өңірге ай сайын 14 500 тонна сұйытылған отын қажет болса, тек 11-12 мың тоннасы сатылып жатыр. Сондықтан қолдағы газ сұранысты толық жаппайды. Оның үстіне газбен жүретін көліктер де көбейген.

Айдос Сейдулла, Облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының маманы:
Тұтыну көлемі көбеюіне байланысты толықтай жаппайды негізі. Соны енді қайтадан қолға алу мақсатында Энергетика министрлігі тарапынан мысалы қажеттілікке байланысты ай сайын қосымша көлем берілуде.
Қазір өңірге ай сайын 1240 тонна сұйық отын жөнелтілуде. Ал, күзгі жиын-терім аяқталғанда мәселе біржола шешіледі дейді мамандар.

Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу