Президент Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрған қаскөйлерді жауапқа тартуды тапсырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрған қаскөйлерді жауапқа тартуды тапсырды

25.09.2024

Мемлекет басшысы пойызда сарбазды соққыға жыққандарды шұғыл жауапқа тартуды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік желіде тараған видеомен танысып шыққан. Әрі Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке қаскөйлерді ұстауға тапсырма берген. Бұл туралы Президент кеңесшісі әрі Баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook парақшасында жазды.

Сондай-ақ, әскердегі және басқа да күштік ұйымдардағы зорлық-зомбылықтың барлық фактісі Президентке баяндалады делінген жазбада.

«Мұндай жағдайлар бақылауға алынады. Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында жас сарбаздардың денсаулығы мен абырой-беделіне қол сұғуға жол бермеу қажет екеніне назар аударған еді. Сонымен қатар бұл мәселеге әскери құрылымдардың басшылары тікелей жауапты екенін айтқан болатын», - деп жазды Президент кеңесшісі.

Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұлан сарбазын пойыз тамбурында ұрған бұзақылардың кім екенін анықтады. Оқиға былтыр күзде мерзімді әскери қызметшілер үйге оралған кезде болған. Күдіктілердің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтың жеке бақылауына алынды.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу