БҚО-да тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жоспарланған 775 үй тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

БҚО-да тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жоспарланған 775 үй тапсырылды

24.09.2024

Батыс Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккен тұрғындарға жоспарланған 775 үй тапсырылды. Қазір қосымша тағы 66 баспана салынып жатыр. Бұдан бөлек саяжайы суға кеткен азаматтарға 2 мыңнан астам пәтер сатып алынды. Жақында қоныс тойын тойлаған бақытты отбасыға біздің түсірілім тобы да «Құтты болсын» айта барды.

Әлібек Қайырғалиевтің қуанышында себеп бар. Он екі жыл саяжайда 50 шаршы метр қуықтай баспанада тұрған ол кең де жарық үш бөлмелі үйге көшіп келді. Өзі қоғамдық көлік жүргізушісі, жолдасы үй шаруасында. Отбасында бес бала бар.

Әлібек Қайырғалиев, қала тұрғыны: 

Үй түгел суға кетті. Саяжайда бастапқыда от жақтық. Су, отын тасыдық. Балаларға үйірмеге қатысуға қиын болды. Мектепке баруға да оңай болған жоқ. Қазір балаларым осы үйге келіп қуанып жатыр. Үйірмелеріне өздері барып келеді.

«Құтты болсын» айтып, қуанышқа ортақтасқан ағайын да осы үйден табылды. Қонақтарды қарсы алған Айман Мұсағалиева құтты шаңырақты немерелерінің несібесіне балайды. Балалар төрт ай эвакуациялық орталықта тұрғанда қатты уайымдаған.

Айман Мұсағалиева, қала тұрғыны: 

Үйлері түгел суға кетіп, ешқандай дүние-мүлкін алып қала алмады. Тек киімдерін алды. Азын-шоғын тауықтары бар еді, соны төбеге шығарып қойсақ, жеммен тұрады ғой деп, ол да кетіп қалыпты. Басында мектепте, сосын жатақханада тұрды 4 ай. Өте қиын. Бірақ соның бәріне шыдап, Үкімет көмектесіп, үй алып, үй салып беріп жатыр. Өте қуаныштымыз.

Өңірде құрылысы тапсырылған 775 үйдің 400-і аудандарда, 375-і Орал қаласында бой көтерді. Бұдан бөлек 43,2 млрд теңгеге 2015 пәтер сатып алынды.

Қазір Сырым ауданында тағы 38 және Деркөл кентінде 28 тұрғын үй салынып жатыр. Құрылыс жылыту маусымына дейін аяқталуы тиіс.

 Ардақ Мұратқызы

Хабарламаларға жазылу