«QazaqGaz» жылу электр орталықтарына газ тартуды аяқтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«QazaqGaz» жылу электр орталықтарына газ тартуды аяқтады

24.09.2024

«QazaqGaz» ұлттық компаниясы Алматы қаласындағы жылу электр орталықтарына газ тарту жұмыстарын аяқтады. «Алматы-Байсерке-Талғар» магистральды газ құбырын жүргізу Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асқан. Ірі жоба мерзімінен бұрын аяқталып отыр.

Бұл – жылу электр орталықтарына арналған газ инфрақұрылымының төртінші нысаны. Жобаның жалпы ұзындығы 62 шақырымнан асады. Құбырдың диаметрі – 530мм. Сағатына 1 млн текше метр сұйық отын өткізуге қауқарлы.

Нұрлан Жақыпов, «Самұрық-Қазына» АҚ басқарма төрағасы:

Жергілікті газ және энергетика жүйесін күшейтеді. Жалпы бұл жоба арқылы біз Алматы қаласының электр станцияларын газбен қамтамасыз етеміз. Сондай-ақ, 2026 жылдың аяғына дейін 1-ЖЭО және 3-ЖЭО көмірден газға айналдыратын боламыз.

«QazaqGaz»-дың еншілес «Интергаз Орталық Азия» компаниясы барлық жұмысты белгіленген кестеден бұрын аяқтаған. Жобаның сәтті жүзеге асуына «Самұрық-Қазына» қоры, Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдігі қолдау көрсеткен.

Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

«Алматы-Байсерке-Талғар» магистральды газ құбырының екінші тармағы. Бұл төртінші соңғы нысан. Газ нысаны Алматы ЖЭО газдандыруға бағытталған. Сондықтан «QazaqGaz» ҰК» міндеттері осында аяқталады. Ары қарай ЖЭО ішіндегі қазандықты ауыстыру ол «Самұрық-Энерго» компаниясының құзыретінде.

Мамандардың сөзінше, Алматыдағы жылу электр станцияларын газға көшіру қаланың экологиялық ахуалының жақсаруына ықпал етеді. Сонымен қатар, Алматы қаласы мен Алматы облысының газ тасымалдау жүйесін кеңейтіп, кәсіпкерлік пен өнеркәсіптік нысандардың дамуына жаңа серпін бермек.


Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу