Қарағанды облысында 80 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында 80 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

23.09.2024

Қарағанды облысында игерілмей, бос жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр. Мысалы Шет ауданында биыл 80 мың гектар жер қайтарылды. Жайылым және шабындық алқаптар жеке кәсіп ашуға ниетті тұрғындарға үлестірілді. Алайда бұның өзі малын жаярға жер таппай отырған тұрғындардың мәселесін шеше алар емес.

Өспен ауылының тұрғыны Самат Нұрмұқанов 2016 жылдан бері мал шаруашылығын дөңгелетіп келеді. Меншігінде 200 астам асыл тұқымды ірі қара, 150 қой-ешкі және 60 жылқысы бар. Бірақ шаруа қожалығын бұдан әрі дамыта алмапты. Себебі, жайылым мен шабындық алқабын табу қиын. «Біраз жер игерілмей бос жатса да, иесі бар», – дейді тұрғын.

Самат Нұрмұқанов, Өспен ауылының тұрғыны:

Шабындық жерсіз өте қиын. Мысалы, біреудің жерінен шөп шабасыз. Басында үндемейді. Сосын бітіп қалған кезде келеді маған пайызымды бер деп. Шөбімді тартып алған кездер де болды. 70/30 дейді, 50/50 шауып жүрдік. Қазір тәуба, міне, ешкімге жалынбаймыз.

Шаруа қожалығының басшысы биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 300 гектар шабындық жерге қол жеткізіпті. Бірақ әлі де шабындық іздеген ел көп, игерілмей жатқан жер көп. Шұрайлы алқаптарға кезінде тек шаруалар емес, ықпалды адамдар да иелік еткен. Бірақ мақсатты пайдаланбаған. Жерді пайдалану бағытына қарай талап та күшейген.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

Былтырдан бері мал басына қарай 50% дейін жүктемені ұлғайтты. Бұрын 20% ғана болатын. Қазір оны 50-ге дейін көтерді, соған байланысты мал басы жетпей жататын болса, оған ескертпе хатын береміз. Мал басын толтыруы керек немесе жерді қайтаруға жұмыс жасаймыз.

Жерді жаңадан алғандарға да талап қатаң. Бастапқы 5 жылда мұнда арнайы тексеріс жүреді. Пайдалану бағытына қарай ол жерде тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Жалпы биыл Қарағанды облысы бойынша 130 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған. Қазір жұмыс 85%-ға орындалды.

Жандос Бақытұлы

Хабарламаларға жазылу