Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Солтүстік Қазақстан облысында тасқыннан зардап шеккендер баспаналы болды

23.09.2024

Солтүстік Қазақстан облысында табиғи апат салдарынан шаңырағынан айырылған азаматтардың барлығына үй берілді. Өңірде 4 мыңға жуық баспананы су басқан еді. Арнайы комиссияның шешіміне сай, 2 мыңнан астам үй тұруға жарамсыз деп танылды. Тұруға жарамдылары жөнделіп, жаңадан үйлер салынды. Екінші нарықтан 1400-ге жуық пәтер сатып алынды.

Дәурен Хамзин, Петропавл қаласының тұрғыны:

Осындай үй салатынын ешкімнің ойында болған жоқ. Біздің Президентіміз келді, әрбір отбасыны далада қалдырмаймыз деп уәде беріп кетті. Енді бәріміз баспаналы болып жатырмыз.

Небәрі 5 айда Бірлік шағын ауданында 700 баспана бой көтерді. Қазір жаңа үйлерде тасқыннан зардап шеккен отбасылар тұрып жатыр.

Қамар Есқұлова, Прибрежное ауылының тұрғыны:

Осындай тасқын болады деп ойламадық. Судың алдын алады деп елдің азаматтары, балалар, әйел адамдар, барлығы қаптарды қаптап, төтеп береміз деп ойладық.

Қамар Есқұлованың үйі жөндеуге жарамды деп танылды. Бұл мақсатқа арнайы қордан 9 млн теңге бөлінді. Облыс бойынша 1900 үй күрделі жөнделді.

Қамар Есқұлова, Прибрежное ауылының тұрғыны:

Біздің Президентіміз «Халыққа қол ұшын береміз, бірге боламыз, ешбір адам көмексіз қалмайды» деген сөздері есімде қалды. Соған кішкене жанымыз тиышталып, үміттеніп жүрдік. Сол үмітіміз ақталды.

Көпшіліктің көңіліндегі үрейді келешекке деген үміт жеңді. Баспана мәселесі шешілген тұрғындар қалыпты өмірге оралды.


Эльмира Кәленова


Хабарламаларға жазылу