Бектұр Аймауытовтан қалған жәдігерлер музейге тапсырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бектұр Аймауытовтан қалған жәдігерлер музейге тапсырылды

23.09.2024

Қазақтың көрнекті жазушысы, драматург, публицист Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына биыл 135 жыл толды. Бүгін алаш қайраткерінің үлкен ұлы Бектұр Аймауытовтан қалған жеке заттары Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейіне табысталды. Жәдігерлерді аманаттаушы – Жүсіпбектің жиеншары Павел Аймауытов. Ол қазір Ресейдің Кемеров облысында тұрады. Нағашы атасының медалін, отбасылық фотосуреттері мен құжаттарын алып келген.

Павел (Пазыл) Аймауытов, Жүсіпбек Аймауытовтың жиеншары:

Кузбасс қаласы, Кемеров облысында тұрған менің атам. Ол жерге «Халық жауының ұрпағы» деген жаламен Колымада отырып келген соң орныққан. Атам Бектұр балаларына кімнің баласы, әкесі кім, шешесі кім, тегі қай жақта екендігі жайлы мәліметтерді мүлдем айтпаған. Ұрпағы үшін қорыққан.

Аймауытов ұрпақтарының барлығы қуғын көрген. Әсіресе 1916 жылы туған үлкен ұлы Бектұр көп қасірет шекті. 10 жыл түрмеде отырып шыққан соң паспортына «Мұсылман елдеріне шығуға тыйым салынған» деген жазуы бар штамп қойылады. Ол кезінде Орынборда Мұхамеджан Тынышбаевтың ұлы Ескендірмен, Міржақып Дулатовтың қызы Гүлнәрмен бірге оқыған екен. Бірақ бұл мәліметтер түгелдей жойылған.

Айман Файзуллина, жүсіпбектанушы ғалым:

Қазақстанда ешқандай ақпарат болған жоқ. Кейін біз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің құжаттарын қараған кезде оның 2 рет үйленіп, 2 ұл, бір қызы болғаны анықталды. Бектұр ағамыздың жиені жаңағы Павелмен қарым-қатынаста болып, ары қарай қазақ әдебиетінің алдаспаны, сөз зергері, ұлы адам Ж. Аймауытовтың өмірі және ұрпақтары жөнінде талай кітаптың жазылуына мұрындық болады деген ойдамыз.

Болат Аманбаев

Хабарламаларға жазылу